Павлодар облысында аймақ басшысын гранттарының иегерлері белгілі болды

Павлодар облысы әкімінің грантына үміткерлердің көбісі «жалпы медицинаны» таңдайтын болып шықты. Конкурс комисиясының отырысына тәуелсіз бақылаушы ретінде «Нұр Отан» партиясының, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, ата-аналар және жоғарғы оқу орындарының ректорлары, педагогика саласының ардагерлері қатысты.

Конкурс шарттары бойынша ҰБТ немесе КТ-ден педагогикалық және техникалық мамандық бойынша 50 ұпайдан төмен емес, «жалпы медицина» бойынша 65 ұпайдан төмен емес, оның ішінде бейіндік пән бойынша бес ұпайдан кем емес сертификаттары бар талапкерлер ғана грант иегерлері атана алады. Облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша байқауға қатысу үшін 284 өтініш келіп түскен. Оның 211-і мемлекеттік тілде оқытуға арналған. Екі талапкер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған квотаға үміткер ретінде тіркелді.

— 201 өтініш Павлодар облысының талапкерлерінен келіп түскен, — деді Дінислам Болатханұлы. – Шығыс Қазақстаннан – 38, Қарағандыдан – 21, оған қоса, Алматы, Ақмола, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан 4-5 өтініш түсті. Әкім грантына үміткерлердің ішінде 245 адам мектепті биыл бітірсе, 39-ы өткен жылғы түлектер. 86 адам ПМПУ-де білім алғысы келеді. 82 адам – Семей мемлекеттік университетінде оқуды армандайды. 59 өтінішті Қарағанды медуниверситеті қабыл алса, 33 өтінішті – С.Торайғыров атындағы ПМУ, 24 өтінішті – ИнЕУ қабылдады.

 

Айта кетейік, ЖОО-на Павлодар облысы әкімінің грантымен қабылданған өзге өңірлердің талапкерлері үш жақты келісім бойынша «Жергілікті атқарушы орган – студент – ЖОО», дипломын алғаннан кейін Ертіс өңірінде кем дегенде үш жыл қызмет етуі керек. Келісімшартты бұзған жағдайда оқуға жұмсалған шығынды қайтаруға міндетті.

— Байқауға математика-физика, математика-информатика, физика-информатика сынды педагогикалық мамандықтар және металлургия, жылу мен электроэнергетика, автоматтандыру және басқару сынды техникалық мамандықтар бойынша өтініштер келіп түскен жоқ, — деді басқарма басшысы.

Аталған мамандықтарға бөлінген гранттар игерілмеген болып қалуы мүмкін. Сондықтан 27 грант педагогикалық мамандықтардың ішінде бөлінді. 26 техникалық оқуға арналған бос грант медициналық мамандықтарға жіберілді. Жоғары сұранысқа ие мамандық – «жалпы медицина» болып шықты. Оған талапкерлерден 136 өтініш келіп түскен. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі оқуға 109 өтініш бар. «Стоматология» мамандығына бес сұраныс келген.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашевтің мәліметінше, техникалық саладағы гранттарды қайта бөлуді қосқанда мемлекеттік тілде оқыту үшін «жалпы медицинаға» 57 грант бөлінген. Оның екеуі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған квота бойынша алды.

— Өткен жылы біз бұл бағдарлама бойынша бір айға кешігіп қалдық. Әр түрлі себептермен ақысын төлеп оқи алмайтын талантты балаларды жүйелі түрде қолдау керек, — деді Болат Бақауов.

Еске салайық, 200 маманды жоғары және ЖОО-нан кейінгі біліммен дайындау үшін 65 млн теңге бөлінген. Өтініштерді қабылдау Павлодардың үш жоғарғы оқу орындарындағы қабылдау комиссиясы арқылы жүргізілді. Оған қоса, Қарағанды медициналық университеті мен Семей қаласындағы мемлекеттік медуниверситетінде қабылданды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы