Павлодар облысында алерген-арамшөппен күрес басталды

Павлодар облысында «циклахена» деген атаумен белгілі арамшөппен күрес басталды. Бұл туралы көшпелі жиналыс кезінде аймақ басшысы Болат Бақауов айтты.

Облыс әкімі осы арамшөп қаулап өскен қала маңындағы Кенжекөл ауылында биологтармен және фитосанитария саласының қызметкерлерімен кездесті. Ол циклахена терек және дерменемен қатар аллергия қоздырғышы болатынын атап өтті.

— Циклахена жанындағы өсімдік атаулыға күн көрсетпей, жаңа аумақтарды жаулап алады, — деді Болат Бақауов. – Сондықтан да, біз бұл арамшөппен аяусыз күресуіміз керек. Жергілікті жердегі әр әкім циклахенаның таралу аймағын зерттеп анықтасын. Проблеманың көлемін білген кезде біз онымен күресу механизмін нақтылайтын боламыз.

Республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдау әдістемелік орталығы да осы бағытта зерттеулер жүргізіп жатыр.

– Бұл мәселемен қазірдің өзінде айналысу қажет, үйткені, циклахена шынымен де адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді, — дейді биолог Татьяна Пономарева. – Қазір біз циклахенамен күресу технологиясын құрастырып жатырмыз. Ең бастысы, өсімдік дәнін шашпай тұрғанда оны шауып немесе түбірімен бірге қазып тастау қажет.

Әлихан Рахметоллаұлы