Павлодар облысында қант қызылшасы өсіріледі ​

Ертіс өңірінің 10 ірі шаруа қожалығы KWS неміс брендінің қант қызылшасын отырғыза бастады.

​         Үстіміздегі жылдың басында 2021 жылы Павлодар облысында қант зауыты салынатыны туралы белгілі болды. Зауыт жылына 100 мың тонна қант өндіреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, зауытта 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

​         — Қазіргі кезде Ақсуда зауытқа қажетті 70 гектар жер бөлініп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі құрастырылып, инженерлік желілерге қосылу мәселесі шешімін тапты, — деді «Павлодар» ӘКК басқарма төрағасы Әлібек Несіпханов.

​         Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 6000 тонна қызылшаны құрайды, ал, жобаның жалпы құны 150 миллион долларды құрайды. Қызылшаның сегіз сұрыбының тұқымдары Германиядан әкелініп, фермерлерге тегін таратылады.

​         — Жобаны жүзеге асыру үшін АҚШ, Еуропа және Ресей Федерациясының тәжірибесі зерттелді, — деді Әлібек Несіпбеков. – Өңірде осы жобаны жүзеге асыру шеңберінде құрамына облыстың он ірі шаруашылығы енетін «Павлодар Қант» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Кооперативті құрудағы мақсатымыз қант зауытын шикізаттық базамен қамтамасыз ету болып табылады.

​         Атап өту керек, инвестициялар тарту мақсатында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Қытай, Ресей және Испанияның әлеуетті инвестоларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы