Павлодар облысында әр ескерткішке жауапты тұлға тағайындалады
Аймақ басшысы Болат Бақауов өңірдегі әр ескерткіштің өз қожайыны болуын талап етті.
Қазіргі таңда облыста 283 ескерткіш бар. Олардың басым көпшілігі, яғни, 53 ескерткіш облыс орталығында орналасқан. Олардың ішінде 11 ескерткіш – мемлекет меншігінде, 13-і жеке тұлғалардың қолында, ал 16 ескерткіш – культтік мекемелер. Кейбір ескерткіштер ешбір балансқа тіркелмеген.
— Павлодар облысы бойынша жүргізілген инвентаризациялау жұмыстарының нәтижесінде ешбір баланста тіркелмеген 7 ескерткіш анықталды, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының м.а. Гүлзира Бәшірова. – Олардың қатарында жазушы Зейін Шашкиннің бюсті, ақын Қалижан Бекхожин, Баян, Малайсары батырлар, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин, Жүсіпбек Аймауытов пен Майра Шамсутдинованың ескерткіштері бар. Төрт ескерткіш еліміздің салалық министрлігі комитетінің келісімінсіз салынған. Біз Павлодар қаласының әкіміне бірнеше рет хат жазып, ескерткіштердің баланс ұстаушыларын анықтап, оларды қалыпқа келтіру бойынша хат жазған едік.
Бұған жауап ретінде Павлодар облысының әкімі баланста жоқ ескерткіштерге жауапты тұлғаны тағайындауды тапсырды. Аймақ басшысы осы жылдың соңына дейін баланс ұстаушыларды анықтап, ескерткіштерді қалпында ұстау үшін келесі жылға қазынадан қаражат қарастыруды қажет екендігін айтты.
— Ескерткіштерді қалпында сақтау керек, — деді Болат Бақауов. – Біздегі ескерткіштердің біресе тақтайшалары құлап, біресе жарығы жанбай тұрады. Сондықтан да оларды күтіп ұстайтын қожайын қажет. Бұл облыстағы ғимараттарға орнатылған ескерткіш тақталарға да қатысты.
Әлихан Рахметоллаұлы