Павлодар облысында «Атабек» жобасы іске асырылып жатыр
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында отбасы үлгісіндегі балалар ауылы базасында «Атабек» (Тәлімгерлер) жобасы іске асырыла бастады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
— Бұл жоба Қазақстанда 2014 жылы басталды, — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Бақдәулет Нұрмат. — Оның бастамашылары — «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысы мен «Дара» қайырымдылық қоры. Облыста бұл жоба алғаш рет 2017 жылы Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы базасында «Томирис» қоғамдық бірлестігімен іске асырылды. 2018 жылдан бастап осы жобаны жүзеге асырумен Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы базасында «Үміт Үзбеу» қоғамдық қоры айналысады.
«Атабек» жобасының мақсаты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға өзінің өмірлік әлеуетін ашуға, ересектермен – тәлімгерлермен арнайы ұйымдастырылған қарым-қатынас арқылы өз бетінше өмір сүрудің дағдылары мен біліктерін қалыптастыруға көмек көрсету болып табылады. Тәлімгерлер – бұл балалар үйіндегі тәрбиеленушілер үшін сенімді дос болуға, жеке тәжірибесі және білімімен бөлісуге дайын адамдар.
Жоба шарты бойынша 25 жасқа толған және Тәлімгерлер мектебінде оқудан өткен Қазақстан Республикасының кез келген азаматы тәлімгер бола алады. Тәлімгерлер мектебінде үміткерлермен білікті психологтар жұмыс істейді, психологтар үміткерлерге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың эмоционалдық және мінез-құлық ерекшеліктері туралы айтады, баламен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға көмек көрсетеді. Одан әрі үміткерлер психологиялық сұхбаттан өтеді, оның қорытындысы бойынша психологтар үміткердің ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баламен одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін белгілі бір жеке қасиеттерінің бар-жоғын анықтайды.
Толық оқу курсынан өткеннен кейін үміткер тәлімгер сертификатын алады және баламен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Жобаны іске асыру кезеңінде Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 8 жұп – «тәлімгер және тәрбиеленуші», Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 7 жұп болды. Жобаны іске асыру барысында балалар үйінің әрбір баласында өзінің жеке – досы мен тәлімгері пайда болады.
Әлихан Рахметоллаұлы