Павлодар облысында ауылдық бюджеттердің енгізілуі бойынша кеңейтілген жиын өтті    

 

Успен ауданының Галицкое ауылында төртінші деңгейлі бюджеттердің игерілуі бойынша кеңейтілген жиын өтті. Павлодар облысының әкімі келесі жылдың басынан бастап төртінші деңгейлі бюджетке көшетін ауылдық округтердің әкімдерімен кездесті. 

Жиналыс өткізу орны ретінде Галицкое ауылы таңдап алынуы кездейсоқ емес. Осы ауылдағы аттас шаруа қожалығы ауылдың экономикасын дамытып қана қоймай, әлеуметтік нысандарға инвестициялар салып, көріктендіруге біршама қаражат жұмсайды. Осы қамқорлықтың арқасында Галицкое орталықтандырылған жылу жүйесі сақталып қалған өңірдегі жалғыз ауыл болып отыр.

– Жақын жылдардың ішінде Павлодар облысында Галицкое сияқты ауылдардың көбеюін қалаймын, – деді Болат Бақауов кездесу қатысушыларына. – Ауыл әкімдері жеке кәсіпкерлермен осылайша тиімді жұмыс істеулері қажет. Келесі жылдан бастап Галицкое ауылының әкімдігі де төртінші деңгейлі бюджет түріне көшеді. Яғни, 126 ауылдық округтердің әкімдері өздерінің кірістері мен шығындарын жергілікті қауымдастықтың пікірін есепке ала отырып жоспарлайтын болады. Өңірдегі 32 ауылдық округ осы жүйе бойынша екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Мұндағы ең басты проблема – табыс көздерінің аз болуы.

– Егер, өткен жылы табыс көздерінің көрсеткіші 9,8%-ы құраса, ағымдағы жылы ол 8,6%-ға құлдырады, – деді аймақ басшысының орынбасары Әлия Арынова. – Келесі жылы бұл көрсеткіш 1%-ға дейін төмендейді. Мұның басты себептері салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге байланысты. Бұл жерде мәселе көлік салығын төлеу мерзімінің ауысуы мен шағын бизнес иелерін табыс салықтарынан босатуға байланысты болып отыр. 2020 жылғы көлік салығы 2021 жылы ғана төленеді, осыған байланысты ауылдық бюджеттер 400 млн теңгеден астам қаржыдан қағылады. Бизнес иелерінің жеңілдіктері бойынша ауылдық бюджеттердің шығыны 150 млн теңгеге дейін жуықтайды.

Табыс көздерін көбейту үшін облыс әкімі коммуналдық шаруашылықты дұрыс пайдалануды тапсырды. Ауылдық әкімдіктердің меншігіне 6,8 млрд теңгенің нысандары берілді. Жалпы құны 16,7 млн теңгені құрайтын бес жылжымайтын мүлік нысаны мен үш көлік бәсекелестік ортасына берілді.

– Ауыл әкімдері коммуналдық меншікті басқара білулері қажет, – деді Болат Бақауов. – Біз кітапханалар, клубтар, бала бақшаларды тәртіпке келтіре алмай жатырмыз. Әкімдер өз жұмыс тәсілдерін өзгерте алмай жатыр. Олар мектептерде бос тұрған үй-жайларды оңтайлы пайдалану бойынша бір де бір ұсыныс енгізген жоқ. Өңірде 200 шағын комплектілі мектептер бар. Олардың бір қабатында балалар оқыса, қалған екі қабат бос тұр. Бос тұрған жайларда коворкинг-орталық немесе басқа да ауыл тұрғындарына қажет нысандар ашуға болады. Немесе үйлер салып, еңбек күші мол облыстардан көп балалы отбасыларды көшіруге болады емес пе?! Мектептегі оқушылар саны да көбейер еді.

Облыс әкімі жергілікті әкімдерді шығындарын үнемдеуге шақырды. Анықталғандай, кейбір бюджеттік мекемелерде үш-төрт күзетші, бірнеше от жағушылар жұмыс істейді екен. Ал, әкімдіктерде бюджет құру мәселесімен айналысатын білікті есепшілер жетіспейді.

– Сіздер өзін-өзі басқарудың басқа деңгейіне көшіп жатқандықтарыңызды түсінулеріңіз қажет, – дед аймақ басшысы ауыл әкімдеріне. – Сіздер өздеріңіз басқаратын аумақтағы өзгерістер мен үдерістердің бастамашылары болуларыңыз керек. Сонда ғана өз ауылдарыңызды дамудың жаңа деңгейіне шығара аласыздар.

Кездесуде әр ауылдық округ бойынша алдағы бес жылға арналған даму жоспарын құрастыру туралы шешім қабылданды. Бұл жоспарларда ауылдық аймақтың пробелмалары, оларды шешу жолдары мен жұмсалатын шығындар толық көрсетілетін болады. Сонымен бірге, ауыл әкімдері жоғарғы деңгейдегі бюджетке алақан жаймай, бұл жұмысқа жеке бизнесті де тартулары қажет.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.