Павлодар облысында азаматтарды қабылдау үрдісі тікелей эфирде көрсетілді  

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кеңсесінде «Фракция күні» жобасы іске асырылды. Мемлекеттік органдардың басшылары мен мәслихат депутаттары өңір тұрғындарының өтініштерін тыңдап, күрмеулі мәселердің шешімін тапты. 

Азаматтарды қабылдау үрдісі облыстық «Ertis» телеарнасының эфирінде көрсетілді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та азаматтарды қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.

— Күйеуім екеуміз екі жыл бұрын ажырасқан едік, — дейді Жанар Қаржаспаева. – Бірақ ол алимент төлемей жүр. Біздің ортақ екі баламыз бар. Бұрынғы жұбайымның жалпы қарызы 800 мың теңгеге жуық. Мен өз мәселемді аймақ басшысына айттым. Ол бұл мәселені міндетті түрде шешуге уәде берді.

Азаматтардың көпшілігі қабылдауға тұрғын үй мәселесін шешуге немесе абаттандыруға көмек сұрау үшін келді. Зеленстрой кентінде тұратын Галина Шторм шағынаудандағы орталықтандырылған су және жылумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

— Біздің көшедегі үйлерге су жеткізілді, бірақ ол көптеген жылдар бойы қараусыз қалып келеді және ақау шыққан жағдайда оны жөндейтін ешкім жоқ, — дейді қала тұрғыны. – Кенттің қалған бөлігінде орталықтандырылған су жоқ. Сондықтан мен қабылдауға барлық көршілерімнің атынан келдім. Біз бұл туралы көп жылдардан бері айтып келеміз, бірақ соңғы екі жылда ғана мәселе шешімін тауып келе жатқандай.

«Фракция күні» аясында барлығы 150-ге жуық адам қабылдауға келді. Аймақ басшысы 18 азаматты қабылдады.

— Әрқайсысының толғандырған сұрақтары болды, — деді қабылдау нәтижелері туралы Болат Бақауов. – Біреулер жолаушыларды тасымалдау туралы, кейбіреулері балалар тамағы, басқалары ауланы абаттандыру туралы алаңдаушылық білдірді. Өңірдің үш жылдық бюджетін қалыптастыру қарсаңында біз қоғамды не алаңдатып отырғанын білу және нақты мәселелерді шешуге қаражат бөлу үшін әр сұраққа назар аударамыз.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында мұндай қабылдауды тұрақты түрде өткізуге уәде беруде.

 

Ақпарат және суреттер «Pavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды