Павлодар облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 өтінім мақұлданды
Баспана сатып алуға қажетті жеңілдетілген несие алуға 28 көп балалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 30 отбасы және 100 толық емес отбасы өтінім берген.
ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асыру бойынша облыстық әкімдікте өткен жиналыста мемлекеттік бағдарламаның алдын ала нәтижелері қорытындыланды. Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке үш жыл ішінде үй кезегінде тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешуді тапсырған болатын. Павлодар облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасына 158 отбасы қатысып отыр.
— Олардың қатарында 28 көп балалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 30 отбасы және 100 толық емес отбасы бар, — деді аймақ басшысының орынбасары Әлия Арынова. – Олардың біразы несие алып үлгерді. Көп жағдайда бағдарламаға қатысушылар екінші дәрежелі тұрғын үйлерден сатылатын пәтерлерді таңдайды.
Жыл соңына дейін тағы да 100 павлодарлық отбасы жеңілдетілген несие алады. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін өңірдің әр тұрғынын кем дегенде 30 шаршы метрмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 22 шаршы метрді құрайды.
— Тұрғын үй құрылысы бойынша алдағы үш жылға нақты жоспар қажет, — деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Біз қандай бағдарлама бойынша, қанша тұрғын үй салатынымызды нақты білуіміз қажет. Қазіргі кезде біз Алюминқұрылыс шағын ауданындағы тұрғындарды жаңа үйлерге көшіріп жатқандықтан жаңа бағдарламалар бойынша тұрғын үй бере алмаймыз. Осы жұмысты аяқтап алған соң жаңа тұрғын үй бағдарламаларының қатысушыларына кем дегенде бір-екі тұрғын үй салуды қарастыруымыз қажет.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын алу шарттарымен https://hcsbk.kz/ru/affordable-housing/bakytty-otbasy/ сілтемесі арқылы танысуға болады.
Әлихан Рахметоллаұлы