Павлодар облысында дәнді дақылдар мен картоп толықтай жинап алынды
Өңірдегі астық жинау жұмыстары жүріп жатқан алқаптардың аумағы 1097,8 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 87,3 мың гектарға немесе 8,6 %-ға артық. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
— Дәнді дақылдар бойынша астық жинау жұмыстары толық аяқталды. Жалпы өнім 786,8 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38 мың тоннаға артық. Алайда, астықтың орташа шығымдылығы гектарынан 10,5 центнерді құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 0,6 центнерге төмен, — дейді ауыл шаруашылғы басқармасының мамандары. – Сонымен қатар, 17,9 мың гектар алқаптан картоп жинап алынды.
Картоптың жалпы өнімі 542 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 478,6 мың тоннаны құраған еді. Картоптың орташа шығымдылығы да біршама артып, гектарынан 304 центнерді құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш гектарынан 278 центнер болатын. 5,9 мың гектар алқапқа егілген көкөністерді жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі кезде жалпы өнім 187,2 мың тонна өнімді құрап, астықтың орташа шығымдылығы гектарынан 317 центнер болды. Атап өту керек, осы маусымда дәнді, майлы, жем-шөп дақылдары, картоп және көкөніс алқаптарының аумағы ұлғая түскен. Бақша өнімдерінің егістік алқаптары өткен жылдың деңгейінде қалып отыр.
Сонымен қатар, аймақта шөп жинау жұмыстары да мәресіне жетті. Алдағы қыстан аман-есен шығу үшін 911,5 мың тонна шөп, 201,6 мың сабан, 118,7 мың тонна силос әзірлеу жоспарланған еді. Айта кету керек, ауыл шаруалар қатты жем-шөп әзірлеу жоспарын 47 %-ға асыра орындады.
Қазіргі таңда қыстақтарға 965 мың тонна қатты жем-шөп жеткізілді. Орташа шығымдылық гектарынан 8,3 центнерді құрады.
Әлихан Рахметоллаұлы