Павлодар облысында кадрлық ауыс-түйіс орын алды

Павлодар облысы әкімінің орынбасарлары ауысты. Инвестициялар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары болып Қайрат Нүкенов тағайындалды. Аймақ басшысының ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары болып Рүстем Құрманов тағайындалды.

Болат Бақауов жаңа орынбасарларды облыстық әкімдікте өткен жиналыста таныстырды. Ол өзінің бұрынғы орынбасарлары – Жайық Шарабасов пен Дәурен Мақажанов – басқа жұмысқа ауысқаны туралы хабарлады. Аймақ басшысы оларға бірлескен жұмыстары үшін алғыс айтып, жаңа қызметтеріне табыс тіледі.

Ендігі жерде Павлодар облысының инвестициялар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелерін Қайрат Нүкенов бақылайды. Ол бұған дейін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімі болған еді.

— Мемлекет басшысының бізге жүктеген басты міндеттерінің бірі —  кәсіпкерлікті қолдау болып табылады, — деді облыс әкімі Қайрат Нүкеновке. – Сіз қалалар мен аудандардың әкімдерімен инвестициялар тарту бойынша тығыз әрекеттесіп, ірі кәсіпорындармен жұмысты белсендіруіңіз қажет.

Аймақтың агроөнеркәсіп кешені саласын бұған дейін «ҚазАгро» Ұлттық бабсқару холдингінің басшысы болған Рүстем Құрманов басқарады.

— Бірінші кезекте Сіз ауыл шаруашылығына инвестиция тартумен айналысуыңыз қажет, — деді оған Болат Бақауов. – Биылғы жылы бізде бірнеше ірі жоба жоспарланған. Олар: суармалы егістік алқаптарын ұлғайту, қызылша өңдейтін зауыттың құрылысы және тағы басқалары. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға назар аудару қажет.