Павлодар облысында кәсіпкер өз қаражаты есебінен ауылдық амбулаторлық пункт салып берді
Павлодар облысының үлгілі ауылдарының бірінде жергілікті кәсіпкер өз қаражатына фельдшерлік-амбулаторлық пункт тұрғызып, кәсіпорында жұмыс істейтін ауылдастарына үй салып берді.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарының шеңберінде Успен ауданының Новопокровка ауылында болып қайтты. Аймақ басшысына осы ауылдық округте жұмыс істейтін «Галицкое» ЖШС-ің есебінен салынған нысандар таныстырылды. Кәсіпорынның басшысы Александр Касицин амбулаторлық пункт пен тұрғын үйдің құрылысына 30 миллион теңге қаражат жұмсалғанын айтты. Нысанның әрқайсысы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, оларға су тартылған.
— Біздің ауылдық округте 400 адам тұрады, — дейді Успен аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дария Алдабергенова. – Фельдшерлік-амбулаторлық пункт біз үшін маңызды әлеуметтік нысан. Бұған дейін бізде амбулаторлық пункттің аумағы 60 шаршы метр болса, қазір ол екі есеге ұлғайды. Пункт толықтай жабдықталған, мұнда үш бірдей науқастарды қабылдау кабинеттері бар.
Болат Бақауов өз кезегінде ауылдың дамуы жергілікті билік пен бизнестің нәтижелі қарым-қатынасының негізінде жүретінін атап өтіп, бұл тәжірибені бүкіл облыс бойынша қолдану керектігін айтты.
Облыс әкімі жаңа екі пәтерлі үйлердің тұрғындарымен де кездесті. Пәтерлер «Галицкое» ЖШС-де үш жылдан астам уақыт жұмыс істеген отбасылық жұптарға берілді.
— Біз сізге «Nurly Ertis» бағдарламасына қатысуды ұсынамыз, — деді Болат Бақауов Александр Касицинге. – Біз бюджеттік қаражат есебінен үй салсақ, сіз ол үйлерге оңтүстік өңірлерден немесе астанадан көшіп келушілердің арасынан өзіңізге қажет мамандарды қоныстандыра аласыз. Немесе өз қаржыңыздың есебінен жаңа үйлер салсаңыз, әкімдік олардың әр шаршы метрін 100 мың теңгеден сатып алып, осы бағдарлама бойынша ауылға көшіп келетін азаматтарға бес жылдан соң сатып алу құқығымен жалға береді.
Атап өту керек, жыл сайын ауылды көріктендіру жұмыстарына кәсіпорынның жеке қорынан 50 млн. теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Әлихан Рахметоллаұлы