Павлодар облысында кәсіпкерлерге жер телімдерін цифрлы форматта алуды ұсыну жоспарланып отыр.

 

Аймақта шағын және орта бизнес өкілдері белгілі бір жер телімінің бос немесе бос еместігін, оның астында қандай да бір инженерлік коммуникациялар өтіп жатыр ма, жоқ па және басқа да мәліметтерді білуге мүмкіндік беретін веб-порталды құрумен айналысып жатыр. Бұл жөнінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнесмендермен кездесуі барысында мәлім болды.

Кезекті кездесу барысында Болат Бақауов бизнесмендер өздігінен шеше алмайтын мәселелерді қарастыруды ұсынды. Анықталғандай бизнесмендердің көбін жер телімін алу мәселесі толғандырады. Олардың ойынша бұл рәсім тым бюрократияланған болып табылады.

– Біз Радиозауытта, базамыз бар арнайы жер телімінде жалпы ауданы 500 шаршы метрді құрайтын спорт залын салуды жоспарладық, соған сәйкес жобаны жасадық,- деді «Техстройкомплекс» ЖШС директоры Лейла Юсупова. – Біздің телімге қосылған 3 телімнің біреуі бос болды. Біз сол жерде құрылысты бастамақшы болдық, сол үшін осы жылдың ақпан айында аукцион арқылы жерді сатып алу туралы арнайы өтініш бердік.

Кәсіпкердің айтуынша алғашында жер телімінде қарағайлар мен қарағаштар өсіп жатыр деген себеппен оларға кері жауап қайтарылды. Сол кезде өтініш беруші қарағайларға тиіспей, қарағаштарды 5 есе артық етіп қалпына келтіремін деген уәдемен жазбаша түрдегі өтінішін әкімдікке жіберді. Алайда мәселе 9 ай бойы жауапсыз қалып отыр.

– Кәсіпкер өзінің 40-50 миллион теңгесін салып жаңа спорттық нысан салмақшы, бірақ ешқандай көмек көріп жатқан жоқ, – деп ашуын білдірді аймақ басшысы. – Біздің мемлекеттік органдар қалай жұмыс істейді: өтінішті қабылдайды, жақын арада жауап қайтарылады деп уәде береді, ал жауапты берген кезде ол жоғалып кетеді. Өтініш беруші оны іздей бастайды, қайтадан келеді, сөйтіп барлығы басынан қайталанады. Кейін ол әдеттегі қайтарылатын жауапты алады: «телімде өсімдіктер өсіп жатыр», «бұл жерде коммуникациялар өтеді», «көрші телімге бөгет жасайды», «ДЖЖ ұсыныңыз» және т.б. Кейін ол Астанаға шағымданады, бірақ оның мақсаты Павлодарда спорт залын салу. Мұндай бизнесмендердің әрқайсысымен жеке жұмыс жасалуы тиіс.

Тағы бір кәсіпкер Павлодар қаласы маңындағы аймақта жол қызметі объектісін салу үшін жер телімін ала алмай жатқаны жөнінде шағымданды. Шағын кафе мен қонақ үйдің құрылысына 10 миллиондаған қаражатты салуға дайын бизнесмендер жұмысты қазір-ақ бастап кетуге дайын, алайда олар жердің сатылуы бойынша аукционның өткізілуін күтуі тиіс. Олардың осы аукциондық сауда-саттықта жеңіске жететініне ешқандай кепіл жоқ.

— Осындай мәселелердің әрқайсысын біз бақылауға алып, 15 күннен кейінгі кездесуде жасалған жұмыстың нәтижелерін тексереміз, – деді облыс әкімі. — Бүгінгі күні Кривенко, 25 мекенжайы бойынша, барлық әкімшілік мекемелер орналасқан ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Меніңше кәсіпкерлер өздерінің барлық мәселелерін бірден шешу үшін ол ғимараттың бірінші қабатында «ашық әкімдік» кеңсесі жұмыс істеуі тиіс.

«Атамекен»-ге  «Павлодартұз» ЖШС өкілдері де келді. Серіктестіктің директоры Денис Семеновтың айтуынша бүгінгі күні компания Екібастұз қаласында жалпы инвестициялық көлемі 880 млн теңгені құрайтын, 69 жаңа жұмыс орнына арналған тұз өндіру бойынша жобаны жүзеге асырумен айналысып жатыр. Алайда қажетті 4 жер телімін кәсіпорын рәсімдей алмай жүр. Сол себепті кәсіпкерлер дайын жобаны сараптамаға тапсыра алмай отыр. Шағын және орта бизнес өкілдерін толғандыратын жер учаскелерін алу туралы мәселелерді веб-порталдың көмегімен шешу ұсынылып отыр.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында  біз барлық жер телімдері көрінетін порталды құру бойынша мәселемен айналысып жатырмыз, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары  Жайық Шарабасов. – Осы порталдың көмегімен бизнесмендер жер телімдерінің бос немесе бос емес екенін, оның астында коммуникациялар өте ме, жоқ па және т.б. қажетті ақпаратты көре алады. Яғни, жер телімдерін алу бойынша қызметтерді біз цифрлы форматқа ауыстыруға тырысамыз.

Кездесу соңында Болат Бақауов облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдеріне бизнесмендердің өтініштері салынған папканы ұсынды. Сондай-ақ аймақ басшысы барлық әкімдерге шағын жне орта бизнестің күрделі  мәселелерін шешуді тапсырды.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы