Павлодар облысында көктемгі егіс жұмыстары аяқталып қалды
Павлодар облысында көктемгі егіс жұмыстары аяқталып қалды. Аймағымыздың аграрийлері ауыл шаруашылығы дақылдарын 875,6 мың га аумаққа егіп бітірді.
2018 жылы диқандар ауыл шаруашылығы дақылдарын 1 421,1 мың га аумаққа егуді жоспарлаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,7 %-ға артық.
Ағымдағы жылы жем-шөп дақылдарының, атап айтқанда, арпа, сұлы, жүгері алқаптарын 31,5 мың гектарға арттыру көзделген еді. Диқандар солтүстік климатқа бейімделіп, жақсы өнім бере бастаған әрі шетелге экспортқа шығаруда сұранысқа ие жасымықты да көптеп өсіре бастады. Биыл жасымық алқаптары 11,3 мың гектарға артты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артық. Көктемнің жауын-шашынды болуы аграрийлердің жоспарларына түзетулер енгізіп, егіс жұмыстарын уақытында аяқтауға кедергі келтірді. Дегенмен де, ауыл шаруашылығы мамандарының қауырт қимылдарының арқасында айлы дақылдар бүгінде 95 пайыз, ал картоп пен көкөністер 100 пайыз егіліп болды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша диқандар тұқымдармен және жанар-жағармаймен толық қамтылған. Жоспар бойынша 110,1 мың тонна тұқым берілуі керек болса, қазіргі кезде 126,5 мың тонна тұқым берілген. Облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жанар-жағармай көлемі 16 мың тоннаны құрайды. Жеткізушінің қызметін есепке алғанда 1 тонна жанармайдың құны 164 600 теңгені құрайды. Егіс жұмыстарына берілетін жағармайдың 1 литрінің бағасы — 138 теңге, бұл нарықтық бағаға қарағанда 15 пайызға төмен.Дизель отынының нарықтағы бағасы 157-169 теңге аралығында тұр.
Атап өту керек, қазіргі кезде облыста «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру» ішкі бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы саласында тұқым алу үшін берілетін қолхаттар мен тыңайтқыштар бойынша субсидиялар беру үрдістері толық автоматтандырылды.
Әлихан Рахметоллаұлы