Павлодар облысында медициналық сақтандыру қорына ең көп төлем аударған үздік үш аудан анықталды

Облыс бойынша жүргізілген статистикалық зерттеу бойынша  аудандардың ішінде Баянауыл (2,6%), Шарбақты (1,3%) және Павлодар аудандары (1,3%) үздіктер қатарына енді. Аймақтағы үш қаланың ішінде облыс орталығы көш бастап тұр (62,3%). Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ың Павлодар облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім етті.

— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаражат көлемі ағымдағы жылдың сәуір айына дейінгі аралықта Қазақстан бойынша жалпы сома 167,2 млрд теңгені құраса, Павлодар облысының азаматтары қорға 7,7 млрд теңге аударған. Осы күнге дейін келіп түскен қаржы Ұлттық банкте сақталуда және 2020 жылы сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызметтерді сатып алуға бағытталады, — дейді филиалда. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін қаржы аударып келеді. Төлем қызметкердің кірісінің 1,5% құрайды.

Ал, келесі жылдан бастап аударымдар мен төлемдерді жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар, жалға жұмыс істеушілер, ерікті төлемшілер төлейді және мемлекет жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасайды. Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Оған төрт салық түрі – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік сақтандыру жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарна кіреді. Бірыңғай жиынтық төлем қарамағына жұмыскер алмай, табыс табу мақсатында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтар арналған.

Бірыңғай жиынтық төлем ай сайын төленеді, әрі оның көлемі республикалық және облыстық деңгейдегі қала тұрғындары үшін 1 АЕК (2525 теңге), өзге елдімекендердің тұрғындары үшін (аудан орталықтары, ауылдар, кенттер) 0,5 АЕК (1263 теңге) құрайды. Міндетті әлеуметтік медициалық сақтандыру туралы толық ақпаратты қордың fms.kz сайтынан алуға болады

 

Әлихан Рахметоллаұлы