Павлодар облысында «Мен қазақпын» телевизиялық жобасына іріктеу аяқталды
Былтыр «Қазақстан» ұлттық телеарнаның бастамасымен «Мен қазақпын» атты республикалық мега жобасы басталып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнерпаз жастарды жарыққа шығарған болатын. Ұлттық жоба биыл да жалғасын тауып, өңірлерде іріктеу кезеңі басталған. Павлодар облысында аудандарда іріктеу туры 14 мамырдан бастау алып, 29 мамырда аяқталды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен облыстық «ЕРТІС» телеарнасының директоры Гүлнәш Әбішева айтты.
— Облыс бойынша өткен іріктеу кезеңіне 60-тан аса әншілер мен күйшілер, термешілер қатысты. Арнайы топ әрбір аудандарды аралап, жобаға қатысушыларды іріктеді. Олардың 35-і жартылай финалға жолдама алды. Енді мықтылар 16 маусым күні Ертіс өзені жағасындағы «Ertis Promenade» сахнасында жартылай финалда бақ сынайды. Барша павлодарлықтарды осы концеркте шақырамыз. Ал, жоба қатысушыларына сәттілік тілейміз — деді Мейрам Бегентаев.
Облыстық «ЕРТІС» телеарнасының директоры Гүлнәш Әбішеваның сөзінше, облыстық іріктеуде жеңімпаз атанған 1 әнші, 1 күйші, 1 термеші республикалық сайысқа жолдама алады. Облыстық әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Сондықтан, Ертіс-Баян өңірінің намысын қолдан бермеуге тырысамыз, — деді ол.