Павлодар облысында мобильді көлік бақылау бекеттері пайда болды

Павлодар облысында жаңа мобильді көлік бақылау постары пайда болғаны туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Инспекторлар үлкен жүк ағыны орын алатын жолдарда жұмыс істейтін болады.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мобильді бекеттер орналастырылған автокөліктердің жұмысымен танысты. Аймақ басшысының бастамасымен арнайы техниканың 3 бірлігі сатып алынды. «Мерседес» маркасындағы автокөліктер көлік бақылау қызметкерлеріне жүк көлігінің тез арада шамадан тыс асыра тиелгенін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталған. Қозғалмалы таразының көмегімен ауыр жүк таситын көліктің салмағы 2-3 минуттың ішінде анықталады.

– Біздік қызметкерлер жүктің шамадан тыс ауырлығын белгілейтін болса, олар әкімшілік материалды дайындайды, – деді Павлодар облысы бойынша көлік бақылау инспекциясының басшысы Серік Талдыбаев. – Осыдан кейін жеке тұлғаларға 50 айлық есептук көрсеткішке дейін, ал заңды тұлғаларға 200 АЕК-ге дейін айыппұл салынады.

Болат Бақауовтың айтуынша аймақ жолдарының сақталуын көлік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен қатар жергілікті полиция қызметі мен көлік прокуратурасы да қадағалауы керек. Бұл түнгі уақытқа да қатысты.

– Бүгінгі күні облыс жолдарының 80%-ы қанағаттарлық жағдайда, – деді аймақ басшысы. – Үкіметтің қолдауымен жолдардың қалған 20%-ын алдағы 2-3 жылда қалпына келтіруге болады. Алайда жолдарда ауыр жүкті көліктердің жүруін тоқтатпаса, жағдай нашарлануы мүмкін.

Мобильді бекеттер жұмыс істеген бірінші күні шектен тыс ауыр жүк таситын көліктер анықталды. Қалқаман ауылына жақын жерде шанағында 36 тонна бетоны бар «Howo» жүк машинасы тоқтатылды. Көліктің тасуға рұқсат етілген жүк мөлшері 16 тоннаны құрайды. Артық салған 20 тонна үшін жүк көлігінің иесі 430 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

 

Әлихан Рахметоллаұлы