Павлодар облысында өткен бағдарламалау сайысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бес жүлде жеңіп алды

Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастамасымен өткен аймақтық Hackathon жарысында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары алты жүлденің бесеуін жеңіп алды. Бұл туралы аталмыш білім ошағының баспасөз қызметі мәлім етті.

Hackathon – бағдарламалық қамсыздандыруды жасақтаудың әртүрлі салаларынан жиналған мамандардың қандай да бір мәселені шешу мақсатында бірігіп жұмыс істеу үшін ұйымдастырылатын шара. Қатысушылардың барлығына бірдей тапсырма берілді. Олар 48 сағаттың ішінде «Виртуалды мұражай және мессенджер шарттарын Active Directory-де басқару» тақырыптарында АТ-өнімінің прототипін жасап шығару керек болды. Жарысқа облыстың жоғары оқу орындарынан, колледждерден, лицейлер мен жалпы білім беретін мектептерден 65 адам қатысты.

— Біздің мектептен оқушылардан құралған үш шығармашылық топ берілген уақыт ішінде мобильдік қосымша мен веб-сайт әзірлеп шықты. Ал екінші тақырып бойынша қатысушыларға «Богатырь Көмір» компаниясының дербес желісін жасау керек болатын. Бұл тапсырманы да жігіттер ойдағыдай орындады. Нәтижесінде барлық үш топ та жүлдемен оралды, — дейді Назарбаев Зияткерлік мектебі робот техникасы үйірмесінің мұғалімі, оқушылардың жаттықтырушысы Қуаныш Мағауин.

Айта кету керек, осы жазда өткен бірінші Hackathon жарысында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Байғал Дархан мен Жылқыбай Назерке 3 жүлделі орынға ие болып, 50 мың теңгелік сертификаттармен марапатталған еді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы