Павлодар облысында полиция департаментінің жаңа басшысы тағайындалды
Президент Әкімшілігінің және облыс әкімінің келісімі бойынша Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Нұрлан Мәсімов тағайындалды. Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, полиция Генерал-майоры Амантай Әубәкіров атқарып отырған қызметінен босатылды және ІІМ орталық аппаратында жұмысын жалғастырады.
— Нұрлан Мәсімов 1973 жылы туған, ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет етеді, — деді баспасөз қызметінде. — Басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі мол. 9 жыл бойы Алматы облысы мен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ІІМ орталық аппаратында департаментті басқарды. Қызмет кезінде өзін сауатты және шебер басшы ретінде жақсы жағынан көрсетті.
Сондай-ақ, жеке құрамға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалған полиция полковнигі Фархад Омаров таныстырылды. Министр жаңа басшыларды тағайындаумен құттықтап, ішкі істер органдарының алдына ҚР Президенті белгілеген бірқатар нақты міндеттерді қойды.
— Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ішкі істер органдарын жаңғырту, бірінші кезекте қоғамның талаптарына жауап беретін полицейлік жаңа формацияны қалыптастыруға, қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында қылмысқа тиімді қарсы тұруға бағытталған, — деп атап өтті министр Ерлан Тұрғымбаев.
Ақпарат және сурет «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды