Павлодар облысында қасиетті орындар сайты ашылды
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ертіс-Баян өңірінің киелі жерлеріне арналған «kielimeken.kz» сайтының және «Павлодар облысының қасиетті жерлері» мобильді қосымшасының тұсаукесері өтті.
Жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Мақсаты – облыстың сакралды орындарын жұртқа насихаттай отырып, өңірлік туризмді дамыту.
Мобильді қосымшаның авторы – С.Торайғыров атындағы ПМУ «Ақпараттық жүйелер» мамандығының магистранты Кеңес Қабылбеков. Ал, жоба жееткшісі «Рухани жаңғыру» институтының директоры, т.ғ.к. Ержан Торайғыров.
— Павлодар облысында шамамен елудей тарихи нысан бар. Олардың қатарына ежелгі, орта ғасыр және бүгінгі заманға тиесілі ескерткіштер, сонымен қатар, ақын-жазушылар, қоғам және саяси қайраткерлердің өміріне қатысты ескерткіштер жатады. Олардың басым бөлігі Баянауыл ауданында орналасқан, — дейді Ержан Торайғыров.
Сайт пен мобильді қосымшаның материалдары жергілікті ғалымдардың зерттеуі бойынша үнемі жаңартылып отырады.
Өз тілшімізден.