Павлодар облысында «Қазақ-camp» үлгісінде лагерь ашылатын болды!
Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Павлодар облысының білім басқармасының бастығы Дінислам Болатханұлы мәлімдеді.
Бас педагогтың айтуы бойынша, «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында «Қазақ-camp» атты сауықтыру маусымдары ұйымдастырылады. Жазғы демалыс бойы қазақ халқының мәдениеті, тілін, өнерін, салт-дәстүрлері мен тұрмысын зерделеу бойынша жұмыстар өткізіледі.
Үйірмелер мен шеберлік сағаттарындағы сабақтар бағдарламасында ұлттық декоративтік-қолданбалы өнеріне үйрету: киіз үйді орнату, ұлттық әшекейлер мен кәдесыйлар жасау, жүн түту, құрақ құру, жүннен бұйымдар тоқу, ұлттық спорт түрлеріне үйрету (ат жарыс, жебе ату, асық ойнау, тоғыз құмалақ) бойынша шеберлік сағаттар.
Орталық аумақта киіз үйлер, алтыбақандар орнатылатын болады, ұлттық нақышта орталық үй жайларын рәсімдеу қарастырылған. Мәзірге (СЭС келісімі бойынша) ұлттық тағамдар енгізілетін болады, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау бойынша шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, патриоттық тәрбиелеу және өмірдің оң тәжірибесін көрсету мақсатында Павлодар облысының атақты адамдарымен кездесулер ұйымдастырылатын болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Баянауылдың киелі жерлері бойынша жаяу саяхаттарға шығу жоспарланған.
Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайы, Жасыбай батырдың ескерткіші, көлі, Қоңыр әулие, М.Ж.Көпеев ауылы, ескерткіші, С.Торайғыров ауылы, мұражайы, Бұқар Жырау ауылы, мұражайы, Ш.Айманов атындағы мұражайы, ескерткіші, Баянауыл ауылының ескерткіштері т.б.
«Аталған жоба балаларды қазақ халқының тілдік, мәдени ортасына толық сіңісуімен ерекшеленеді. Барлық қазақтар үшін киелі атанған Баянауыл жерінен шыққан және туған ұлы ғалымдар, ақындар, философтар мен драматургтердің тарихына жанасып, өз көздерімен көре алады», — дейді Дінислам Болатханұлы. Өңірдің бас педагогының тамаша идеялары жүзеге ассын деп тілейік!