Павлодар облысында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген 1677 студент білім алып жатыр

Облыс орталығындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттермен кездесу өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Пікір алмасу алаңында жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері туралы сөз қозғалды. Облыстық білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алма Айтуарованың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде аталмыш бағдарлама бойынша 1677 студент білім алады.

Биыл оқуын аяқтайтын 539 жастың 413-і жоғары оқу орындарының, 126-сы колледждердің студенттері. Педагогикалық мамандық бойынша 146 адам, техникалық бағытта 393 адам жас маман қатарына қосылады. Олардың барлығы оқу орны жанындағы жатақханада тұрады. Студенттерді даярлау еңбек нарығында сұранысқа ие техник-электрик, техник-бағдарламалаушы, мал дәрігері сияқты мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

— Былтырғы жылы серпіндіктердің алғашқы легі дипломдарын алды, — дейді Алма Айтуарова. — Оның ішінде 67 адамның 14-і облыста қалды. Биыл оқу орнын аяқтаған 174 студенттің 86-сы жұмысқа орналасты, 35-і жоғары оқу орындарда білімін жалғастырды. 36 адам түрлі себептермен өз өңірлеріне қайтып оралды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшісі Төлеген Айтбаев студенттердің арасында баспана және жұмысқа орналасуға қатысты көптеген қиындықтар бар екенін айтады.

— Осыған байланысты мемлекеттік құрылымдардың өкілдері түрлі бағдарламалар туралы баяндады, — дейді Төлеген Айтбаев. – Көбінесе жастарды «7-20-25» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары қызықтырды. Студенттерді орталықтың жұмысымен таныстырдық. Олар орталықта күн сайын «Бір терезе» жүйесі бойынша өздеріне қажетті кеңес ала алады.

Өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова ұсынған мәліметке сүйенсек, қоныс аударушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау аясында отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК, яғни, 84175 теңге көлемінде жолақыға жәрдемақы беріледі. Баспана жалдау, коммуналдық қызмет төлемақысы

шығындары өтеліп, қызметтік баспана ұсынылады және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

Өткен жылы Павлодар облысында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың 47-сі немесе 70 пайызы өз өңірлеріне оралған. Аталмыш мемлекеттік әлеуметтік бағдарлама өңірімізде 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып жатыр.

Әлихан Рахметоллаұлы