Павлодар облысында суармалы егіншілікті дамытқан аудандарға ақшалай сыйлықтар берілді
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында суармалы егіншілік пен ауыл шаруашылығы саласын дамытқаны үшін 20-50 млн. көлеміндегі сертификаттар берілді. Естай атындағы Мәдениет сарайында өңірдің шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосты.
Павлодарлық аграрийлер облыста өндірілетін өнімдердің көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде қонақтар Шарбақты ауданының нан-тоқаш бұйымдарын, Баянауыл ауданының ет өнімдерін, Павлодар ауданының көкөністерін татып көрді.
— Біздің аграрийлердің табанды еңбектерінің арқасында 800 мың тонна дәнді дақылдар, 700 мың тоннадан астам картоп пен көкөністер жиналды, — деді Павлодар облысының әкімі өзінің құттықтау сөзінде. – Павлодар облысының шаруалары Қазақстанда өндірілетін қарақұмықтың 75%-ын, тарының 50%-ын, картоптың 18%-ын өндіреді. Біз өсімдік шаруашылығы өндірісін дамытуды ары қарай да жалғастырамыз, суармалы егіншілікті дамытуға басымдық беріледі.
Қазіргі таңда Павлодар облысында 100 мың гектар жерде суармалы егіншілікпен айналысады, 30 мың гектар жер осы жылы айналымға енгізілді. Аймақ басшысы суармалы егіншілікті дамытуға зор үлес қосқан аудандарды атап өтті. Павлодар ауданы осы сала бойынша жеңімпаз атанып, 50 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Ақсу қаласы мен Тереңкөл ауданы 30 және 20 млн теңгелік сертификаттарды жеңіп алды.
— Біздің шаруалардың еңбегі облыс көлемінде аталып өткені қуантады, — деді Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев. –Өзіміздің сыйақымызды әлеуметтік саланың дамуына жұмсайтын боламыз. Мектептерге бөлінетін қаржы болашақ ауыл шаруашылығы кадрларын дайындауға әсер етеді. Мектептердің қамқоршылық кеңестері мен ақсақалдармен талқылайтын бірталай идеялар бар.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің құрметіне мерекелік концерт өтті. Агроөнеркәсіптік кешен саласының үздік қызметкерлеріне Павлодар облысы әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары берілді.
Әлихан Рахметоллаұлы