Павлодар облысында Тәуелсіздік күніне орай бірнеше жаңа әлеуметтік нысан ашылады
Өңірде еліміздің бас мерекесінің қарсаңында облыстағы жалғыз жабық футбол манежі, ауылшаруашылық музейі және онкологиялық диспансер пайдалануға беріледі. Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Спорт-Сити» қалашығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде тұрғызылған облыстағы жалғыз жабық футбол манежі ашылмақ.
— Мұнда жыл бойы футбол ойнауға болады деп жоспарланып отыр, — деді баспасөз қызметінде. – Манеж бір мезетте 88 адам қабылдай алады. Футбол манежінің құрылысы демеушілер қаражатының есебінен жүзеге асырылды. Жобаның құны 1,4 миллиард теңгені құрайды. Мердігер ұйым манежден бөлек, спорт ғимаратына жақын орналасқан аумақты абаттандырып, нысанға әкелетін жол салып, жаяу жүргіншілер жолын төсеп, кең көлемді футбол алаңын, баскетбол алаңын және скейтборд тебуге арналған кіші формалар орнатты.
Сонымен қатар, Павлодарда ауыл шаруашылығы музейінің таныстырылымы өтеді. Музейді құру ісін өңірдің ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары қолдады. Павлодар қаласындағы ауыл шаруашылығы саласының қоғамдық музейі 2001 жылы ашылған болатын. 2019 жылы музей экспозициясы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратқа көшірілді. Музей қоры жаңа жиынтықтармен және экспонаттармен толықтырылды. Музейде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің революцияға дейінгі 1887-1917 жылдардан бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңін қосқандағы тарихы көрсетіледі.
Сондай-ақ, көптен күткен онкологиялық диспансер де пайдалануға беріледі. Нысанның құрылысына 7,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде желілік жылдамдатқышты сатып алуға және орнатуға республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге, ал, медициналық жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. — Жаңа радиологиялық корпус 200 орынға арналған, — деді облыстық әкімдікте. – Тұрғындарға мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру және науқастарды оңалту үшін онкодиспансерде жаңа стационарлық бөлімшелерді, жеке операциялық-реанимациялық блок, емхана бөлімшесін және әлемдік стандарттарға сай келетін сәулелік терапияның интервенциялық әдістерін өткізуге қажетті радиациядан қорғау бункерлері бар радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарланып отыр. Онкологиялық орталықта компьютерлік томограф, магнитті-резонанстық томограф, эндоскопиялық құрал-жабдықтар, С-доғасы бар рентген құрылғы, кіші инвазивті операциялар жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндобейнехирургиялық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Жаңа технологиялардың арқасында толық сәулелі терапияны бар-жоғы үш күннің ішінде алуға болады.
Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынана алынды