Павлодар облысында «Тілдік келісім» жобасы жүзеге асырылып жатыр
Ертіс-Баян өңіріндегі Ақсу қаласында маусым айынан бастап «Тілдік келісім» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Ақсу қаласының ішкі саясат бөлімі хабарлады.
«Тілдік келісім» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүргізіліп жатыр. Қаланың орталық саябағында өткен іс-шарада ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді. Атап өтер болсақ, қыз ұзату, келін түсіру, тұсау кесу, жіп иіру, киіз басу және т.б. Жаз бойы қаладағы әр көшенің алаңдарында осы маңда тұратын отбасылардың балаларымен «Сөз құрастыр», «Кім алғыр?», «Сөз дөңгелегі» ойындары мен «Отбасы», «Ауа райы», «Демалыс» тақырыбында сабақтар өткізілді.
Жоба екі бағыттан тұрды. Қазақ тілін тар кабинетте емес, кең аулада осы жердің тұрғындарын тарту арқылы үйрену халыққа аса қатты ұнады. Жобаның негізгі мақсаты — тіл арқылы мәдениет пен тәрбиелік салт-дәстүрлерді үйрету.
«Тілдік келісім» жобасының жабылу сәтіне қатысқан Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко осы жобаны жүзеге асыруға өз үлестерін қосқан әжелерге, аула клубының жетекшілері мен балаларға, ұйымдастырушыларға өзінің ризашылығын білдірді.
Бұдан соң сөз алған жоба авторы — «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова «Тілдік келісім» жобасын өз мәресінде өткізуге атсалысқан ақсулықтарды марапаттады. Облыстық «Ана тілі» орталығы директорының Алғыс хатымен «Сауықсервис» кәсіпорнының директоры Қанатбек Байманов, «Ақ желкен» аула клубының жетекшісі Елена Хвостикова, «Искра» аула клубының педагог – ұйымдастырушысы Жанна Жолдасова, «Жұлдыз» аула клубының педагог – ұйымдастырушысы Жадыра Иманбекова марапатталды. Бұл күні ұлттық қолөнер шебері Жиенхан Қаманай, «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері Шәмшия Құсайынова, Гүлжанат Сейтенова тағы басқалар естелік сыйлықтарға ие болды.
Сахна төріне көтерілген Ақсу қаласының құрметті азаматы Светлана Қондыкерова жоба авторы — «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова ақсулықтар атынан алғыс айтты. Мерекеде жас өнерпаз Бауырбек Рамазанов «Жаным қазақ», «Мен мақтаншақпын» әндерін шырқап, жастар «Қара жорға» биін биледі.
Әлихан Рахметоллаұлы