Павлодар облысында тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің тарифтері 7,1%-ға төмендеді  

Облыста жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтердің бағасы өзгеріске ұшырады. Бұл туралы өңірлік статистика департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Аймақ бойынша 2019 жылғы қаңтар-тамыздағы тұтыну бағаларының индексі 102,8%-ды, азық-түлік тауарларының индексі 105,9%-ды, азық-түлік емес тауарлар индексі 102,7%-ды, ақылы қызметтердің индексі 99,2%-ды құрады, — деді департамент мамандары. — 2019 жылғы қаңтар-тамыз айларында азық-түлік тауарлары бойынша еттің бағасы – 9,8%-ға, нан өнімдері мен жарма – 8,8%-ға, шұжықтар мен ет өнімдерінің бағасы  7,1%-ға, алкогольсіз сусындар, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдері – 6,7%-ға, кондитер өнімдері – 2,9%-ға, сүт өнімдері мен көкөністер 2,3%-ға өскен. Сонымен қатар, жұмыртқаның бағасы 5,6%-ға, қанттың бағасы – 6,5%-ға  төмендеді.

Азық-түлік емес тауарлар нарығында қеңсе тауарларының бағасы  7,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 4,8%-ға, жиһаз және үйге қажетті заттар – 4%-ға, киім мен аяқ киім – 3,9%-ға, жуғыш және тазалағыш заттар – 3,1%-ға, тұрмыстық құралдар – 0,9%-ға өскен.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтері бойынша тарифтер 7,1%-ға, жанар-жағармай материалдарының бағасы 0,9%-ға баға төмендегені  байқалады.

Ақылы қызметтер бойынша амбулаториялық қызметтер – 4,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру саласынадғы қызметтер – 3,7%-ға, білім беру қызметтері – 3,5%-ға қымбаттаған.