Павлодар облысында жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды
“Павлодар” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік активтерді пайдалану есебінен облыстың моноқалаларында жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.
Ақсу мен Екібастұз қалаларында 12 мың тонна өнім беретін қызанақ пен қияр өсіруге арналған инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Әлібек Несіпбеков хабарлады.
– 30 және 5 гектар жылыжай үшін қажетті жер телімдері ресімделді, – деді Әлібек Несіпбеков. – Географиялық жағынан екі жоба да жұмыс істеп тұрған электр стансаларының жанында орналасатын болады, соның арқасында жаңа кәсіпорын арзан электр және жылу энергиясына қол жеткізе алады.
– Біз белгілі бір инвесторлар үшін нақты жобаны жүзеге асыруымыз керек, – деп атап өтті облыс әкімі Болат Бақауов. – Мысалы, егер олардың қатарында біз кездесу өткізген ресейлік “Экокультура” холдингінің өкілдері болса, олар өздеріне қажетті құрал-жабдықтарды жасап келеді. Инвесторға біздің жобамыз ұнамайтындай жағдай туындауы мүмкін.
Облыс әкіміне тағы да бірнеше жоба ұсынылды, олардың қатарында жылына жүз мың тонна қант өндіретін қант зауытының құрылысы және картоп мен крахмал өндіретін өнеркәсіп кешенінің құрылысы, сондай-ақ Железин ауданында “Valmount” компаниясының демонстрациялық суару жүйесін орнату қарастырылды.
Әлихан Рахметоллаұлы