Павлодар облысында жалпы құны 800 млн теңгені құрайтын 7 кәсіпкерлік жоба мақұлданды
Ертіс өңірінің кәсіпкерлері жаңа бағдарлама бойынша алынатын несиеге сүтті мал асырауды, көкөніс өсіруді және көкеніс сақтау қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Облыстық әкімдікте өткен кездесуде қарапайым заттар экономикасы бойынша ұсынылған жобалар қаралды.
Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, 7 жобаның 5-і қазірдің өзінде 632 млн теңгеге қаржыландырылған. Олардың бірі мал сатып алу, жабдықтар мен өндірістік орын сатып алуды жоспарлап отырған «Ертіс» шаруа қожалығы. «Маяк» шаруа қожалығы қойма нысандарына арналған климаттық жабдық сатып алуды және көкөніс өсіруді жоспарлап отыр. Ал, жеке кәсіпкер Құсайынова сүт өнімдерінің сапасын тексеретін құрал-жабдық алуды көздеген. «АС Логистик» ЖШС қойма салуды жоспарласа, «Киреев» шаруа қожалығы ірі қара мал сатып алуды қалайды.
— Неліктен біздің фермерлеріміз «қарапайым заттар экономикасы» арқылы мал сатып алады?, — деп сұрады облыс әкімі Болат Бақауов. – Ол бағытта арнайы бағдарламалар бар екені белгілі. Бізде мал сатып алуға 15 жылға дейін несие беретін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаражатымыз бар. Ал, «қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие ең көп дегенде 7 жылға беріледі. Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық жобаларын жеке-жеке қарастырыңыздар. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлерді олар үшін ең тиімді жолға бағыттаймыз.
Сонымен қатар, «қарапайым заттар экономикасы» бойынша қаржыландыру үшін 158,6 млрд теңгенің 5 жобасы банктердің қарауында жатыр. Олардың ең ірісі – «Нефтехим LTD» компаниясы ұсынған жалпы құны 158,2 млрд теңгені құрайтын жоба. Олар төмендетілген көмірсутегі мен газ өндіру кешенін салуды жоспарлап отыр. Екінші деңгейлік банктер үшін жобаның құны тым жоғары болып отыр. Сондықтан бұл жобаны Қазақстанның Даму Банкі ғана қаржыландыра алады. Облыс басшысы алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деп сендірді.
Әлихан Рахметоллаұлы