Павлодар облысында жаңа жатақхана пайдалануға берілді  

Павлодар облысынадғы Ақсу қара металлургия колледжінің жанында 200 орындық жатақхана ашылды. Жаңа жатақхананың бөлмелеріне қазірдің өзінде 150 студент қоныстанды.

Олардың көбі бұған дейін Ақсуға әр күн сайын келуге немесе қалада пәтер жаладуға мәжбүр болған іргелес ауылдардың жас тұрғындары.

— Мен көршілес Евгеньевка ауылында тұрамын. Әр күн сайын оқуға үлгеру үшін таңғы сағат алтыдан тұрып, қоғамдық көлікпен Ақсуға келуші едім, — дейді үшінші курстың студенті Станислав Кудрин. – Жатақханда тұратындықтан енді жолға жұмсайтын қаражат пен уақытымды үнемдейтін болдым.

Барлық бөлмелер жеке санитарлық тораппен жабдықталған. Мұнда асхана, кір жуатын бөлме, тренажер және хореография залдары бар.

— Жатақхананың ашылуы біздің білім мекемесіне еліміздің жұмыс күші мол өңірлерінен «Серпін» бағдарламасы бойынша студенттер тартуға мүмкіндік береді, — дейді Ақсу қара металлургия колледжінің директоры  Ренат Дүйсекенов. – Біздің түлектердің 91%-ы Ақсу ферроқорытпалар зауытына жұмысқа орналасады. Сондықтан, біздің колледжде мамандық алғысы келетін  мектеп бітірушілердің саны арта түседі деп ойлаймын.

Жаңа жатақхананың тұсаукесерінде сөз алған Павлодар облысының әкімі бұл студенттер үйінің құрылысы туралы мәселе бұрыннан көтерілгенін және өңірде колледждер ғана емес, жоғарғы оқу орындарының студенттерін де жатақханалармен қамтамасыз ету көзделгенін айтты.

— Мәселен, қазіргі кезде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік және Павлодар педагогикалық университеттерінің студенттері үшін әрқайсысы 500 орындық жатақханалар салынып жатыр, — деді Болат Бақауов. – Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақсу қаласында жаңа жатақхананың ашылуы көңіл қуантады. Біз қаланы дамыту жұмыстарын ары қарай да жалғастыратын боламыз.

Студенттер жақын арада толық қоныстанады. Олар үшін жатақханада тұру тегін болмақ.

Әлихан Рахметоллаұлы