Павлодар облысында Жастар форумы өтті  

 

Павлодар облысының әкімі өңір жастарымен кездесті. Жастар жылының ашылуына арналған облыстық форум Ақсу қаласындағы Иманжүсіп Құтпанов атындағы спорт кешенінде өтті.

Кездесуге облыстың белсенді жастарымен қатар Астана қаласынан келген қонақтар – қоғам қайраткері Нұрлан Өтешев, блогер Ринат Балғабаев және тағы басқалар шақырылды. Форум қатысушыларына арналған сөзінде Болат Бақауов жас кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауға тоқталып өтті.  

— Өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін біз жеке қолдау құралдарын әзірледік, — деді ол. — «Бастау Бизнес» жобасының аясында біз 353 жас азаматқа кәсіпкерліктің негіздерін оқыттық. Жастар бастамаларын дамыту орталығының базасында жаңа «Бизнес Young» жобасын іске қосатын боламыз. Жас кәсіпкерлер мен олардың жобаларына қолдау көрсететін инвесторлар мен демеушілерді іздеу үшін арнайы деректер базасы құрастырылды.

Жас бизнесмендерді қолдау туралы республикалық деңгейде де ойластырылып жатыр. Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы мәселелері жөніндегі комитеті төрағасының м.а. Асхат Ораловтың айтуы бойынша Астанада үш жылдық жоба құрастырылып, әр жыл сайын 29 жасқа дейінгі бастаушы кәсіпкерлерге сомасы жарты миллион теңгені құрайтын 10 мың грант берілетін болады.

— Егер жас маман токарь немесе дәнекерлеуші болса, оған тегін кәсіби-техникалық білім алуға жағдай жасалып, бизнес жоспар құрастыруға және 500 мың теңгенің қайтарымсыз грантын алуға көмек көрсетіледі, — деді ол. – Өз кәсібін кеңейткісі келетін жас кәсіпкерлер үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шеңберінде үш жыл бойы әр жыл сайын жалпы сомасы 18 миллион теңгені құрайтын 5 мыңға жуық несие беріледі.

Форумда 23 жасар шаруа қожалығының басшысы Олесия Щербак, «Ертіс» футбол клубының қорғаушысы Руслан Есімов, кәсіпкер Александр Гаглоев, волонтер Аяжан Құрманова, жас ұстаз Алена Шевченко және басқалар сөз сөйледі. Айта кету керек, жиын соңында Павлодар облысының әкімі жастардың Instagram әлеуметтік желісінде аккаунт құру туралы ұсыныстарын қабыл алып, кездесу қорытындысы бойынша алғашқы жазбасын орналастырғанын айтты.

 

Әлихан Рахметоллаұлы