Павлодар облысында жазғы тілдік лагерьдің қатысушылары ағылшын тілін үйренеді

Шарбақты ауданы әкімдігі мен павлодарлық Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірлескен жобасы аясында «Шағала» демалыс орталығында жазғы тілдік лагері өз жұмысын бастады. Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі мәлім етті.

— Лагерьде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 50 оқушысы және Шарбақты ауданының аз қамтылған отбасыларының 75 оқушысы екі апта бойы табиғат аясында демалып қана қоймай, ағылшын тілін үйренеді, — деді НЗМ-ің баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанова. – Маусымның ашылу салтанатында Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев балаларды құттықтап, лагерьдің алдағы жұмыс жоспармен таныстырды.

Жергілікті оқушылардың қазақ және ағылшын тілдеріндегі білімдерін жетілдіруге Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары арнайы шақырылды Мектептің шетелдік және қазақстандық ұстаздары қазақ тілі, ағылшын тілі сабақтарымен қатар, математика және ифнорматика пәндерін ағылшын тілінде өткізеді.

Жазғы тілдік лагеьдің ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен басталып, соңы жаппай флешмобқа ұласты.

Әлихан Рахметоллаұлы