Павлодар облысындағы Ақсу қаласында үлгілі көпұлтты отбасылар марапатталды

Ақсу қаласында Қазақстан халқы тілдері мерекесі мен Отбасы күні аталып өтті. Мерекелік шарада мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге белсене қатысқан бір топ тіл жанашыры қала әкімінің Алғыс хаты және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Құрметке лайық болғандардың қатарында облыстық «Ана тілі» орталығының директоры, «Тіл керуені», «Тілдік келісім» жобаларының авторы Шолпан Кинжикова, облыстық «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» байқауының жеңімпазы Әсел Мұхитова, облыстық «Тіл парасат» байқауының жүлдегері Берта Дебрецени және өзге де белсенді азаматтар болды.

Елімізде мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің арманы бір. Тілі басқа болса да, тілегі бір. Ол – Мәңгілік елдің тұрақтылығы мен бірлігі, тыныштығы. Осындай ортақ тілектің болуына әртүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында ғұмыр кешуі себеп. Киреевтер әулетінің ортақ арманы да – осы. Ақсу қаласында тұрып жатқан Киреевтер отбасы бес ұлт өкілінен құралған.

— Отбасымызда қазақ, неміс, орыс, татар және өзбек ұлт өкілдерінен құралған 15 адам бар, — дейді шаңырақтың отағасы Валентин Киреев. – Өзімнің ұлтым – орыс, зайыбым Валентина Киреева – неміс, ал күйеу балаларымның бірі — қазақ болса, бірі татар ұлтының өкілі. Ұлттық салт-дәстүрлерді берік ұстанып, отбасы құндылықтарын жоғары қоямыз.

Бұл күні көпке үлгі болған өңірдің төрт көпұлтты отбасы аймақтың қоғамдық өмірінде белсенділік танытып, этносаралық келісімнің нығаюы мен дамуына қосқан үлесі үшін Ақсу қаласы әкімінің Алғыс хаты және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Шара барысында әр елдің ұлттық тағамдарынан, қол өнер бұйымдарынан көрме ұсынылды. Салт-дәстүрлерінен қойылым көрсетілді. Сондай-ақ ұсынылған мерекелік концерт, ойын – сауық бағдарламалары қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл сыйлады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы