Павлодар облысындағы Шалдай ауылын абаттандыруға соңғы үш жылдың ішінде екі миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданында болып, Шалдай ауылындағы орталықтандырылған су құбырын тарту жұмыстарының барысымен танысты. Екі ай бұрын басталған жұмыстар келесі жылы аяқталып, нәтижесінде ұзындығы 35 шақырымды құрайтын су құбырлары желісін тарту жоспарланып отыр.

— Қазіргі таңда негізгі желінің 15 километрі тартылып, ауылдағы үйлердің 30%-на құбырлар жалғанды, — деді Шарбақты ауданы сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Равиль Гумаров. – Егер, ауыл тұрғындары бұрын шахталық құдықтарды пайдаланса, жұмыстар аяқталған соң таза ауыз су жіберіледі. Бүгінгі таңда Шарбақты ауданының тағы да төрт ауылында — Александровка, Алексеевка, Орловка және Жаңауыл су құбырлары тартылып жатыр.

Бұдан кейін аймақ басшысы жаңа 24-пәтерлік тұрғын үйден пәтер алған тұрғындармен кездесті. Орталық жылу, су желісіне қосылған екі қабатты үйде оңтүстік өңірлерден қоныс аударған отбасылар, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас амандар тұрғып жатыр.

— Біз жұбайымыз екеуміз облыс орталығынан келіп, ауылдық мектепте жұмыс істеп жатырмыз, — дейді Махаббат Орынбасарова. – Отбасымызда кішкентай бала болғандықтан пәтер мәселесі – біз үшін өте маңызды болды. Ауылдағы өмір жыл сайын жақсы жағына қарай өзгеріп келеді.

Облыс әкімі Шалдай психоневрологиялық диспансерінде болып, мұнда емделушілердің жағдайымен танысты. 2016 жылы бұрынғы тубвиражды балаларға арналған интернат ғимаратында ашылған медициналық-әлеуметтік мекемеде қазіргі кезде жүйке ауруына шалдыққан 240 науқас емделіп жатыр. Диспансерде жұмыс істейтін мамандардың біразы облыс орталығынан келген екен. Болат Бақауов мекемеге жақын маңда орналасқан иесіз үйлерді мекеменің балансына алып, педагогтарға беруді ұсынды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы