Павлодар облысындағы тау-шаңғы базасы қысқы туристік маусымға дайын
Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тау-шаңғы базасы жаңа маусымның ашылуына сақадай сай дайын. Өткен жексенбіде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аталмыш базаға барып, оның жұмысымен танысып қайтты.
– Жаңа маусымға дайынбыз. Қардың жауғанын ғана күтіп отырмыз. Басқарушы компания станцияның төменгі және жоғары жақтарын толықтай абаттандырды. Таудың жоғары бөлігінде қар тоқтату жұмыстары қолға алынды. Тамақ ішетін, құрылғыларды жалға беретін орын-жайлар, шаңғы трассалары қалпына келтірілді, – деді облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев.
Сонымен қатар, Мырзашоқыда балаларға және шаңғы тебуді енді бастағандарға ұзындығы 300-400 метрлік жаңа трасса әзірленген. Тауға жылдам шығу үшін бугель орнатылған.
– Маусым басталғанға дейін шамалы ғана жұмыстар қалды. Дәлірек айтсақ, тауға баратын жолды ретке келтіру керек. Сонымен қатар, кешенді сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Мырзашоқыдан 1,7 шақырым жерде құдық қазылды. Жақын уақытта құдықтан құбырлар тартылып, база су келетін болады, – деді Марат Айдашев.
Еске сала кетейік, Баянауыл ауданының Мырзашоқы тауындағы тау-шаңғы кешені 2018 жылдың соңында ресми түрде ашылған болатын. Былтыр аталған база 5 мыңнан астам адамды қабылдады. Биыл мұнда келетін қонақтар саны әлдеқайда көп болады деп күтілуде.
Әлихан Рахметоллаұлы