Павлодар облысындағы «Ұлы дала» фестиваліне алыс және жақын шетелден 70-тен астам делегат келді

Павлодар облысында Ленин кентінің маңында «Ұлы дала» этнофестивалінің екінші күні өтіп жатыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, жыл өткен сайын шараның маңызы мен қатысушылардың саны арта түсуде.

Осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан фестивальге Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясында тұратын қандас бауырларымыз құрметті қонақ ретінде шақырылды.

— «Ұлы дала» этнофестивалі бес маңызды мерейтой даталарына орайластырылып отыр, — дейді Ардақ Райымбеков. – Нақтырақ айтсақ, биыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы, Естай Беркімбаевтың 150 жылдығы, Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы және Бұқар жыраудың 350 жылдығы аталып өтеді.

Әр ауылда ұйымдастырушылар өздерінің қолданбалы өнер көрмесі мен театрландырылған қойылым ұсынады. Тосын сыйлар өте көп. Қонақтар үшін аспаннан парашютистер шашу шашады. Ертең «Қоянды жәрмеңкесі» театрландырылған көрінісі мен облысымыздың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік дәуірі» көрмесі өтеді. Бүгінгі мерекелік шаралар сағат беске дейін жалғасады. Кешке сағат 20.30-да «Ертіс promenade» сахнасында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Көмекей әулие Бұқар жырау» қойылымын тамашалай аласыздар.

Өткен жылмен салыстырғанда, киіз үйлердің саны да сексеннен 100-ге дейін артып отыр. Ұлттық салт-дәстүр мен қазақ тарихынан сыр шертетін құндылықтарды дәріптеу мақсатында өтіп жатқан фестивальге шет елдердегі қазақ диаспорлары да белсенді атсалысуда.

Әлихан Рахметоллаұлы