Павлодар облысындағы жолдар қысқы кезеңге сақадай сай дайын
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қизат Жақыпов хабарлады.
— Қысқы кезеңде облыстағы автожолдарды күтіп ұстайтын 23 мердігер ұйым анықталды, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10 %-ға артық, — деді Қизат Жақыпов. – 374 техника бірлігі дайын, жанар-жағармай мен мұзға қарсы материалдардың жеткілікті қоры жиналды.
Автопаркінде 160 техника бірлігі бар 10 мердігер ұйымы облыс трассаларында жұмыс істеп жатыр. Аудан әкімдіктері аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстайтын мердігерлермен шарт жасасты. Тек қана Баянауыл ауданында тендер бойынша жеңімпаз анықталған жоқ. Алдағы уақытта конкурс қорытындысы шығарылып, Баянауылдағы жолдарды күтіп ұстайтын мердігер де анықталады деп күтіліп отыр.
— 2019-2020 жж. қысқы кезеңінде жолдарды күтіп ұстау үшін облыстық бюджеттен 800 млн теңге қаржы бөлінді, — деп нақтыады ведомство басшысының орынбасары. – Бұл қаржы жеткілікті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ПОФ-ы директорының орынбасары Ермұрат Нұрхановтың айтуынша Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытындағы жол жабыны толық төселді.
— Қазір бұл жолда 4 мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр, негізгі жұмыстар толық аяқталды. Енді олар мал өтпеуі үшін арнайы қоршаулар қойып, жол белгілерін орнатады, — деді Ермұрат Нұрханов.
Сонымен бірге, оның айтуынша республикалық трассалардағы бетонды бүлдіріп алмау үшін химиялық реагенттер қолданылмайды. Жолдарды көктайғақтан сақтау үшін ұсақ қиыршық тастар төселеді. Атап өту керек, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 974 км болса, олардың ішінде аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы үш мың шақырымға атяу.