Павлодар облысының әкімі көмірдің бағасын бақылауға алуды тапсырды

Қалалар мен аудандардың әкімдері тұрғындарға сатылатын көмірдің бағасы үшін жауапты болады. Аймақ басшысы бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген мәжіліс барысында айтты.

Жиында өңірдегі жылыту маусымының өту жағдайы талқыланды. Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың айтуы бойынша өңірде 1,4 млн тонна көмір мен 18,3 мың тонна мазут қоры бар.

– Екі энергетикалық кәсіпорын көмір өндіретін компанияларға жеткізілген қатты отын үшін қарыздар, – деді ведомство басшысы. – Олар: 336,0 млн. теңге қарызы бар «Павлодарэнерго» АҚ және 47,5 млн теңге қарызы бар «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-і.

Энергия станцияларының өкілдері көмір кеніштерінің алдындағы қарыздарын жақын арада жабамыз деп сендірді. Павлодар облысының әкімі облыс, аудан орталықтарына көмір жеткізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қазіргі кезде қатты отынға деген жалпы қажеттіліктің көлемі 136,1 мың тонна болса, көмір сату пунктеріне осы мөлшердің 90,2%-і ғана жеткізілген. Қатты отынды тасымалдау бойынша Аққулы, Ақтоғай және Май аудандары артта қалып отыр.

– Тұрғындармен түсіндіру жұммыстарын жүргізіп, қаңтардағы қақаған аязда 2-3 тонна көмір сатып алып жүрмеу үшін көмірді қазірден бастап сатып алу керектігін айту қажет, – деді Болат Бақауов қалалар мен аудандардың әкімдеріне. – Сіздердің әлеуметтік желілерде жеке парақшаларыңыз бар. Әлеуметтік желілерде осы туралы хабарландыру жасап, керек болған жағдайда тұрғындарға қолдау көрсетіңіздер.

Қазіргі таңда өңір бойынша көмірдің бағасы 7 мың теңгеден бастап 12 мың теңгеге дейін жетеді.

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.