Павлодар облысының әкімі өңірдегі ардагерлердің бәрін Жеңіс күнімен құттықтап шықты  

Ұлы Жеңістің 74-жылдық мерейтойының қарсаңында Павлодар облысының әкімі өңірде тұратын 72 ардагердің үйлеріне барып, мерекемен құттықтады.

— Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын келешек ұрпаққа Жеңіс сыйлаған ардагерлердің қатары күннен-күнге сиреп келеді, — деді  Болат Бақауов. – Майдангер қариялардың мұқтаждықтарын шешіп, оларға құрмет көрсету – біздің қастерлі борышымыз деп білемін.

Успен ауданындағы Белоусовка ауылында аймақ басшысы 93 жасар Михаил Топтунның шаңырағына бас сұқты. Авиациялық әскерде қызмет еткен Михаил Топтун жапон империалистеріне қарсы ұрыстарға қатысқан.

— Жеңіс күні – біздің ортақ мерекеміз, — дейді Михаил Степанович. – Ең бастысы, болашақ ұрпақ бейбіт өмір сүріп, Жеңіс күні бізге қайндай қиындықпен келгенін ұмытпауы керек.

Облыс әкімі ауруханада емделіп жатқан ардагерлерді де назардан тыс қалдырмады. Тоқсан жеті жасқа келген майдангер Бекболат Хазыров мереке алдында денсаулығын түзеу үшін ауруханаға жатқан екен. Павлодар қаласында тұратын Бекболат Хазыров дәрігерлердің рұқсатымен 9 мамыр күні Даңқ обелискісінде өтетін салтанатты митингке келетінін айтты.

— Соғыс ардагерлері үшін ауруханада барлық жағдай жасалған, медициналық қызметке көңіл толады, — дейді ол. – Ақ халаттыларға алғысым шексіз. Олардың кәсіби көмегінің арқасында аман-сау жүрміз.

Ақсу қаласында Болат Бақауов соғыс ардагерлері Құдайберген Қапсалямов пен Кирилл Винокуровты мерекемен құттықтады. Қос ардагер Болат Бақауовтың Ақсу қаласының әкімі болған кезін еске алып, оны өз үйлерінде көргеніне қуаныштарын жасырмады.

— Елеп-ескергенің үшін рахмет, — деді Кирилл Винокуров аймақ басшысына. – Қарияларды ұмытпағаның көңіл қуантады.

Железин ауданындағы Михайловка ауылында облыс әкімін тоқсан бес жасар Кузьма Чуйкин күтіп алды. Кузьма Иванович Қалмақ даласын, Ростов, Харьков және Донецк облыстарын азат етуге қатысқан.

— Колхоздағы ауыр жұмыс ұрыс даласындағы қиындықтарды еңсеруге көмектесті, — дейді майдангер. – Ең бастысы, «еңбек – бәрін жеңбек» деген қағиданы ұмытпаған жөн.

Екібастұз қаласында Болат Бақауов алты ҰОС қатысушысының үйінде болды. Олардың қатарында төрт әйел адам бар. Тоқсан бес жасар Октябрина Борисова қонақтарды өзі күтіп алып, өз жанынан шығарған өлеңін оқып берді.

— Аспанымыз ашық болып, жұлдызымыз биік жансын. Жеңіс күні құтты болып, Сұм соғысты қарғыс атсын, — дейді Октябрина Илларионовна.

Болат Бақауов аймағымыздың Қарағанды облысымен шектесетін бір қиырындағы тоқсан төрт жастағы Бірімжан Мағаз ақсақалды да Жеңіспен құттықтады. Баянауыл ауданының тумасы Мағаз қария өмір бойы туған жерде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда майдангер қарт кенже ұлының отбасымен Бәйтеке қыстауында тұрып жатыр. Жеңіс күнінің қарсаңында майдангердің ұрпақтары облыс көлемінен жиналып, қарияны мерекемен құттықтайды екен.

— 9 мамыр — біздің отбасымыз үшін күнтізбедегі басты күннің бірі. Бәріміз жиналып әкемізді мерекесімен құттықтаймыз, — дейді ардагердің ұлы Баянбек Бірімжанов. – Облыс басшысы әкемізді еске алып, мерекемен құттықтауға келгені өте қуанышты оқиға болды.

Қазіргі таңда Павлодар облысында 72 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Мереке қарсаңында олардың әрқайсысына жарты миллион теңге сыйақы төленді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы