Павлодар облысының әкімі өңірдің дарынды оқушыларымен кездесті

Павлодар облысында республикалық және халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері үшін 61 оқушы құрмет грамоталарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Аймақтың жас зияткерлері түрлі дәрежедегі жарыстарда жеңіске жетіп, өздерінің білімдерін дәлелдеп берді. Бұл өз кезегінде оқытушылар құрамының кәсіби шеберлігі мен ата-аналардың қолдауының арқасында мүмкін болды.

— Өңіріміздің ең дарынды оқушыларын марапаттау салтанатына қатысу мен үшін әрдайым аса маңызды оқиға, — деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Оқуда жоғары жетістіктерге жету – табысты болашақтың кепілі. Өздеріңіздің білімдеріңізді шыңдау арқылы сіздер еліміздің әлемдік қауымдастық жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіесіздер.

Сонымен қатар, аймақ басшысы мектептердің директорларына, ұстаздар қауымына өз ісіне берілгендігі және дарынды оқушыларды тәрбиелеудегі жетістіктері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жас таланттардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.

— Біз үшін бәрін жасауға даын тұратын ата-аналар мен ұстаздарымыздың қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді информатика пәні боынша республикалық олимпиада мен халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ғаллам Ислам.

Оқушыларын жеңіске жетелеудегі кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегі үшін түрлі жарыстардың жеңімпаздарын даярлаған 13 ұстаз да ақшалай сертификаттар мен аймақ басшысының Құрмет грамоталарына ие болды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы