Павлодар облысының әкімі кадрлық тағайындаулар жасады

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аппарат кеңесінде жаңа басшыларды тағайындады. Облыстың құрылыс саласын Рүстем Раисов, кәсіпкерлік және сауда басқармасын Жайық Хасанов басқаратын болды.

Егер, Рүстем Раисов бұған дейін құрылыс саласына жетекшілік еткен болса, Жайық Хасанов Павлодарға елордадан келді. Астанада ол  Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.  Жайық Хасанов 1986 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетін «Қаржы бакалавры» мамандығы бойынша, 2015 жылы Шығыс Англия Университетінің магистратурасын «халықаралық мемлекеттік саясат магистрі» мамандығы бойынша аяқтады.

– Сіздің жұмысыңыздағы басты міндет – облыста кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау және ШОБ субъектілерінің экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады, – деді оған аймақ басшысы. – Кәсіпкерлермен бірлесіп, бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын нақты жүзеге асыру қажет.

Кадрлық ауыс-түйістер Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалында да орын алды. Облыстық ҚХА секретариатының меңгерушісі болып Айнұр Сәрсенбаева тағайындалды. Соңғы он жыл ішінде ол Павлодар қаласы әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің басшысы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып қызмет еткен еді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы