Павлодар облысының мамандары Арыс қаласындағы 450 үйді қалпына келтіреді

Павлодар облысының құрылысшы мамандарынан жинақталған команда Түркістан облысынана ұшып шықты. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі аймақ журналистерін мерекемен құттықтау кезінде айтты.

– Бүгін біз Арыс қаласынан келген балалардың алғашқы легін қарсы алып, оларды демалыс лагерьлеріне орналастырдық, – деді Болат Бақауов. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық облыстары Арыс қаласын бірлесіп қалпына келтіретін болады. Барлық қазақстандықтар Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмектерін ұсынып жатыр. Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізетін боламыз. Біздің үлесімізге 450 үй тиді. Олардың қазіргі жағдайы қандай екенін айта алмаймын. Біздің мамандар Арыс қаласына барып, мән-жайды анықтайтын болады. Алдағы бір айдың ішінде үйлерді қалпына келтіріп, иелеріне табыстаймыз деп ойлаймын.

Естеріңізге салайық, Түркістан  облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдай 24 маусым күні орын алған еді. Әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан соң қаланың 45 мыңға жуық тұрғыны үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.

Қазақстанның барлық өңірлерінде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алып, ел тұрғындары жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде ақшалай және заттай көмек көрсете бастады.

Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, қала қазір шартты түрде 17 аймаққа бөлініп, олардың әрқайсысы он төрт облыс әкімдігі мен үш республикалық маңызы бар қалаларға бөлінді.

 

Суреттер нұр.кз және Түркістан облысы әкімдігінің сайттарынан алынды

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған