Павлодар облысының жедел жәрдем станциясында қоңырауды ұстап тұру қызметі енгізіледі
Республикалық санитарлық авиация орталығының басшысы Нұржан Отарбаев пен шұғыл медициналық көмекті үйлестіру ұлттық орталығының басшысы Біржан Оспанов павлодарлық «103» қызметінің диспетчерлері үшін оқыту семинарын өткізді. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпаратына сәйкес, денсаулық сақтау министрлігі мен шұғыл көмек орталығының өкілдері облыстық жедел жәрдем станциясына өткен аптада келді.
— Іссапардың мақсаты – жедел жәрдем қызметінің диспетчерлік бөлімінің жұмыс тиімділігін арттыру болып табылады, — дейді станцияда. — Павлодар облысы «103» қызметінің негізгі көрсеткіштері бойынша елімізде алдыңғы қатарда болғандықтан, жаңадан қолданысқа енгізілетін «қоңырауды ұстап тұру» функциясын алғаш рет біздің өңірде қолдана бастау туралы шешім қабылданды.
Жаңа функция бойынша төтенше жағдай және науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда call-орталықтың диспетчері оқиға орнына медициналық бригаданы жіберумен қатар қоңырау шалған адамға науқасқа алғашқы көмек көрсету бойынша кеңес береді. Бұл тәжірибе әлемдік деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Пилоттық жоба аясында түрлі жағдайдағы іс-қимыл алгоритмдері құрастырылып, енгізіліп жатыр.
Әлихан Рахметоллаұлы