Павлодар облысының әкімі жасы жүзге келген кейуаналарды мерекесімен құттықтады
«Мереке күніңмен…»
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жасы жүзге келген кейуаналар – Күлжәмила Ахмедиянова мен Евдокия Максимованың шаңырағына арнайы барып, Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Аймақ басшысы алдымен Евдокия Ивановнаның үйінде болды. Ол 1918 жылдың 17 ақпанында Алматы облысында дүниеге келген. 1930 жылы Павлодар облысына қоныс аударып, өмір бойы Павлодар сүт зауытында технолог болып жұмыс істепті. Отбасында үш бала тәрбиелеп, бүгінде солардан немере, жиен және шөбере сүйіп, ұрпағының қызығына кенеліп отыр.
— Менің ұзақ жасауымның ешқандай құпиясы жоқ. Мұндай ерекше қасиет біздің әулетімізде бар. Әке-шешелерім мен аға-әпкелерімнің барлығы мен секілді ұзақ өмір сүрді. Мен бүгін ерекше күй кешіп отырмын. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай арнайы келіп, құттықтау білдіргендеріңізге көп рахмет. Қызметтеріңіздің жемісін көре беріңіздер, — деген ыстық ықыласын білдірді Евдокия Ивановна.
Бүгінде жасы жүзден асқан абзал жандардың бірі – тыл еңбеккері Күлжәмила Ахмедиянова. Ол 1912 жылдың 1 қаңтарында Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Соғыс жылдары «Бестөбе» кенішінде, одан кейін кейін ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етті.
— Сіздердің біздің еліміздің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбектеріңіз ұшан теңіз. Кейінгі ұрпақ оны ұмытпауы керек. Сондықтан, сіздерді көктемнің алғашқы жарқын мерекесі – аналар күнімен құттықтаймын. Балаларыңыз бен немере-шөберелеріңіздің ортасында ауырмай-сырқамай отыра берулеріңізді тілейміз, — деді Болат Жұмабекұлы. Сондай-ақ, ғасыр жасаған асыл аналарға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Тілеуберді САХАБА