Павлодар облысының әкімі аймақта кіші индустриялық аймақтар құруды тапсырды
Инвесторлар үйінде өткен кеңейтілген отырыста аймақ басшысы кіші индустриялық аймақтарды құру жұмысы нашар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұл мәселені осы жылдың соңына дейін шешуді тапсырды. Өткен жұма күні индустриялық даму және шағын және орта бизнестің мәселелері бойынша коллегия өтті.
Коллегияда баяндама жасаған индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров осы жылы Павлодар облысында үш ірі жоба жүзеге асырылатынын атап өтті. Олардың қатарында «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-да №5 энергия блогын іске қосу, «Богатырь Инвест» ЖШС-де темір-бетон бұйымдарының және «Павлодар өзен порты» АҚ-да кұмкесектер құю өндірістері бар. Сонымен қатар, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жаңа кәсіпорындардың құрылысы жалғасып жатыр. Инвесторларды қолдау мақсатында жергілікті билік АЭА аумағында қажетті инфрақұрылымдар жүйесін тартумен айналысып жатыр.
— Осы жылы арнайы экономикалық аймақта инженерлік коммуникациялардың құрылысына 2,2 миллиард теңге бөлінді, — деді Павлодар обылсының әкімі. – Осы қаражат инфрақұрылымға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, соңғы кезде АЭА-ғы жұмыстар көңіл көншітеді. Алған қарқыннан таймай, инвесторлармен жұмысты белсенді жүргізу қажет.
Сонымен қатар, Болат Бақауов әкімдерге әр аудан мен қалада инвесторларды тарту орталығына айналатын кіші индустриялық аймақ құру туралы тапсырмасын еске салды.
Аймақ басшысы биліктің жұмысының негізгі мақсаты кәсіпкерліктің дамуы мен шағын және орта бизнестің экномикалық белсенділігін арттыру болып табылатынын да еске салды.
Әлихан Рахметоллаұлы
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев