Павлодар облысының әкімі бөлген 200 грантқа бір күнде 93 өтініш түскен

Облыс әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 200 маманды дайындауға бөлген гранттарға бір күнде 93 адам өтініш берген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы айтты.

— Жоғарыда аталған гранттардың ішінде 100-і педагогикалық және техникалық мамандықтарға, 100-і медицина саласына арналған, — деді Дінислам Болатханұлы. – Оның ішінде 50 грант мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары білім алуға, 50-і резидентураға қарастырылған. Талапкерлер тарапынан өтініштерді қабылдау 5-10 тамыз аралығында жүзеге асырылады. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті және Инновациялық Еуразия университетінде қабылдау бөлімдерінде қандай мамандықтар бойынша орын бар және басқа да сұрақтар бойынша кеңес беріледі.

Басқарма басшысының айтуынша, мамандарды дайындау қаладағы үш жоғарғы оқу орнында жүргізіледі. Медицина саласының мамандары Қарағанды және Семей, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарда біліктіліктерін арттырады. Талапкерлер бірінші кезеңге қатысу үшін ҰБТ мен кешенді тестілеудің нәтижесі бар сертификат тапсырады. Егер сертификатта көрсетілген ұпай саны бірдей болған жағдайда «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық және республикалық олипмиадалардың жеңімпаздарына басымдық беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайына назар аударылады.

Гранттарды тағайындау қорытындысы 15 тамыздан кейін белгілі болады. Жеңімпаздардың тізімі жергілікті БАҚ-та жарияланады. Жергілікті атқарушы орган мен ЖОО, талапкер үш жақты келісімшартқа отырады. Басты талап — грант негізінде оқу орнын аяқтағаннан кейін міндетті түрде осы аймақта және жергілікті басқару органы жіберген жерде үш жыл қызмет ету. Егер де жастардың оқу үлгерімі жақсы болса шәкіртақы төлеу қарастырылған. Яғни, республикалық деңгейдегі гранттар тәрізді барлық әлеуметтік міндеттемелер ұсынылады.

Ал, үлгерімі төмен болса, грант пен шәкіртақыдан айырылады. Оның орнына әрі қарай ақылы негізде оқитын үлгерімі жоғары

балаларға ұсынылады. Гранттан айырылғандар бюджетке келтірілген шығынды қайтарады.

— Жалпы, бір дәрігерді дайындауға 9 жыл кетеді, — дейді өңірдің бас ұстазы. — Бакалавриат бес жылға созылады, одан кейін 2 жылдық интернатура, резидентура, магистратура бар. Сондықтан бакалавриат бітірген, бірден интернатура немесе резидентураға түсетін жастарға гранттарды бөлу арқылы өңірге мамандарды тарту көзделіп отыр. Олар екі түрлі – өз мамандығы мен шет тілі бойынша емтихан тапсырады. Өтініштерді қабылдау 20-23 тамыз аралығында өтеді. Оның нәтижесі 25-тамыздан кейін белгілі болады. Айта кетерлігі, өңірде еңбек нарығына қажет 200 маманды дайындау үшін жергілікті бюджеттен 65 млн теңге бөлінген.

 

Әлихан Рахметоллаұлы