Павлодар облысының әкімі француз елшісімен кездесті
Аймақ басшысы өңірімізге инвестиция құйғысы келетін француз инвесторларына электр энергиясын киловаттына жеті теңгеден ұсынды. Бұл ұсынуды ол Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесуінде айтты. Кездесуге қатысқан Air Liquid коммпаниясының вице-президенті Эриш Каро бұл өте тиімді ұсыныс екенін атап өтті.
Ресми кездесуді ашқан Болат Бақауов Франция Республикасы Павлодар облысының аса маңызды саяси әріптесі екендігін атап өтті. Өткен жылы екі арадағы тауар айналымы үш есеге артып, 13 миллион доллардан аса соманы құраған.
— Француз компанияларының қолдауымен облысымызда Food Master фирмасымен бірлескен сүт өнімдерін жасап шығаратын жоба табысты түрде жүзеге асырылып келеді, — деді аймақ басшысы. – Сонымен бірге, біздің өңірімізде Халықаралық теміржол көлігі бойынша кеңестен ішкі нарық пен ТМД елдеріне өнім шығаруға құқық алған SIM Format қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Болашақта облыс орталығындағы мұнай-химия зауытында француздық кәсіпорындардың қатысуымен сутегін қайта өңдеу қондырғысының құрылысы жоспарланып отыр.
Филипп Мартинэ француздар Павлодар облысымен барлық сала бойынша әріптестікке дайын екендігін айтып, оларды әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қызықтыратынын атап өтті.
Аймақ басшысы Болат Бақауов француздық делегацияның құрамындағы кәсіпкерлерге тиімді ұсыныс жасады. Екібастұздық №1 ҚАЭС-ң жанынан кәсіпорын ашуға ниет білдіргендер болса, олар станция өндіретін электр энергиясын киловаттына жеті теңгеден сатып алады.
Кездесу соңында Павлодар облысының әкімі француз елшісіне өңірдің инвестициялық тартымдылығы туралы кітапты сыйға тартты.
Әлихан Рахметоллаұлы