Павлодар облысының әкімі өңірдегі құрылыс нысандарын тексерді

Павлодар облысының әкімі облыс орталығы мен Ақсу қаалсындағы құрылыс алаңдарын тексеріп шықты.

Болат Бақауов «Сарыарқа» шағын ауданындағы бірнеше үйдің құрылыс алаңдарында болды. Ол мердігерлер жұмыстарды қысқа дейін созбай, 1-ші желтоқсанда барлық нысандарды тапсыруын талап етті.

— Біздің мердігерлер Жаңа жылға дейін қарап отырмақшы ма? – деді ол. – Қазірдің өзінде барлық жұмысты тездетіп, қыс басталғанша оларды аяқтау қажет.

«Сарыарқа» шағын ауданындағы жұмысты мұқият қадағалау үшін аймақ басшысы әр құрылыс алаңына жауапты басқарманың бір-бір қызметкерін бекітуді ұсынды.

— Ол өз жұмысын құрылыс алаңында бастап, осы жерден үйіне қайтуы тиіс, — деді әкім. – Сонда ғана жұмыста тәртіп болады.

Сонымен қатар, Болат Бақауов болашақ аквапарктің құрылысымен танысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы атындағы саябақтың аумағындағы нысанды 2020  жылдың соңында тапсыру көзделіп отыр.

— Негізгі ойын алаңынан бөлек фитнес-зал мен фуд-корт салынатын болады, — деді «Hagi-Pavlodar» ЖШС-і бас директорының орынбасары  Валерий Филяев. – Аквапаркке тәулігіне 500 адам келе алады, болашақта адамдардың санын арттыруға болады.

Құрылыс алаңдарын аралау барысында аймақ басшысы «Достық» шағын ауданы мен Авиақалашықта да болды. Сонымен қатар, ол Ақсу қаласындағы жеке тұрғын үй алаңдары мен қазандықтың құрылысымен танысты.  Облыс әкімі бұл нысандар өңір тұрғындары үшін аса маңызды екендігін және оларды мезгілінде тапсыру қажет екендігін атап өтті.

Әлихан Рахметоллаұлы