Павлодар облысының әкімі: Қазақстан мен Ресей арасындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көлік дәлізін қалпына келтіру қажет
XVI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы кезінде Болат Бақауов Ертіс өзенінің ресейлік бөлігінде өзен арнасын тереңдету жұмыстарын үкіметтік деңгейде шешуді өтінді.
Омбыда өткен форум шеңберінде екі мемлекет басшыларының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің алдында сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі табысты шекаралық әріптестік үшін халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп тиімді пайдалану маңызды роль атқаратынын атап өтті.
— Әсіресе, су көліктерінің қатынасына баса назар аудару қажет, — деді Болат Бақауов. – Өткен ғасырың 70-80 жылдарындағы жағдайды еске алсақ, ішкі су көліктері Ертіс өзені арқылы жылына тоғыз миллион тоннаға дейін жүк тасымалдайтын еді. Қазіргі кезде кемелердің көлемінің артуы мен өзен арнасының таяздығының салдарынан өзендегі жүк тасымалы дұрыс дамымай жатыр.
Аймақ басшысы Ертіс өзеніндегі жүк тасымалына Қазақстандағы Үрлітүп пен Ресейдегі Омбы арасындағы өзен арнасының тиісті деңгейде терең болмауы кедергі жасап отырғанын айтты. Осыған байланысты Болат Бақауов ресейлік әріптестерін аталмыш мәселені үкметаралық деңгейде шешуді сұрады.
— Өзеннің әлеуетін тиімді пайдаланудың жарқын мысалы ретінде Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстарына қажет болған салмағы 500 тоннадан астам дизель отынын сумен тазалайтын екі реакторды су жолы арқылы жеткізу болып табылады, — деді Павлодар облысының әкімі. – Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласынан шыққан жүк Солтүстік теңіз жолымен Каменный мүйісіне дейін одан әрі Жаңа Порттан Салехард, Ханты-Мансийск, Тобольск және Омбы арқылы жеткізілді. Осы көлік дәлізін қалпына келтіру аса маңызды деп санаймын. Бұл әсіресе, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыру аясында аса өзекті болып табылады.
Ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында Болат Баауов өзен жолы арқылы Павлодардан Омбыға қиыршық тас жеткізуге болатынын атап өтті. Омбы облысыынң қиыршық тасқа деген қажеттілігі жылына екі миллион тоннаға жуықтайды.
Әлихан Рахметоллаұлы