Павлодар облысының әкімі құрылыс жұмыстарын назарда ұстауды тапсырды  

Бұл туралы аймақ басшысы Болат Бақауов облыстық әкімдікте өткен кеңесте қалалар мен аудандардың әкімдеріне қадап ескертті. Павлодар облысының әкімі еңбек демалысынан кейін бірінші күні қала және аудан басшыларын жинап, олардың жарты жылдық есебін тыңдады. 

Болат Бақауов осы уақыт ішінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалалары экономикалық дамудың қандай көрсеткіштеріне қол жеткізгенін, тұрғын үй құрылысы, бюджет қаражатын игеру, инвестициялық жобаларды ілгерілету, бизнесті дамыту, егін жинау жұмыстары қалай жүріп жатқандығы және табысы аз азаматтармен істелініп жатқан жұмыс жайын сұрады.

Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов аймақ басшысына облыс орталығының өндіріс көлемін қоспағанда барлық көрсеткіштер бойынша оң қарқынға қол жеткізгенін айтты.

– ПМХЗ жоспарлы жөндеуге шыққанына байланысты көрсеткіштер төмендеді, бірақ біз жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткіземіз, – деп уәде етті қала басшысы. – Жарты жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,8%-ға артты. Мұнда “БЖК-2020” және “еңбек” бағдарламалары бойынша жылдың басында қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізіледі. «Сарыарқа» шағын ауданында орналасқан барлық 10 үй бойынша біз жұмысқа кірісіп, алаңды тазаладық.

Болат Бақауов өңірдегі құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын тексеруге ниетті екенін айтты.

– Біз келесі аптада, тек облыс орталығында ғана емес, кестеден қалып отырған барлық проблемалық құрылыс алаңдарына баруымыз керек. Мәселен, Ертіс ауданында біз стадион құрылысының кешеуілдеп жатқанын көріп отырмыз, Ақсу қаласында қазандық салу жұмысы кестеден кешіктіріліп жатыр және бюджет дұрыс игерілмей отыр. Біз осы және басқа да құрылыс орындарын аралап шығуымыз керек, — деді олблыс әкімі.

Болат Бақауов сонымен қатар кәсіпорындарды, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлерді қыс мезгіліне дайындау мәселесіне аалңдаушылық білдірді.

– Келесі аптада біз барлық жылу электр станцияларын аралап, олардың жылу маусымына дайындығын көріп, құрылыс жұмыстарының кестесін, қандай жұмыстар кешеуілдеп жатқандығын, ЖЭО-1 және 2-ЖЭО-дағы жағдайды нақтылауымыз керек, – деді әкім.

Сондай-ақ, ол кестеден кешіккен немесе қаражат игерілмеген жағдайда, сұраныс тек қала немесе аудан әкімінен ғана емес, сонымен бірге жобаға жауапты барлық мемлекеттік органдардан да болатынын атап өтті.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы