Павлодар облысының әкімі жаңа басшыларды тағайындады

Павлодар облысы әкімінің өкімімен өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Мұрат Әбілқалықов тағайындалды. Сонымен қатар, аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары мен облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасарын да таныстырды.

 

 — «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі жобалардың жүзеге асырылуын, энергия сақтау және цифрланлыру салаларындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелерін бақылауға алу қажет. – деді аймақ басшысы. – Жұмыс өте көп, сондықтан осы салалар сіздің назарыңызда болу қажет.

Сонымен қатар, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Күзеков Ардақ пен облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары болып тағайындалған Мұқанов Саянды  таныстырды.

Мұрат Әбілқалықов 1988 жылы дүниеге келген. «Жылу энергетикасы» және «Экономика» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Ол 2009-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті электр энергетикасын дамыту басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қаңтар – 2015 жылғы шілде аралығында Павлодар облысы энергетика басқармасы энергоменеджмент бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. Жаңа тағайындауға дейін  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. Оған дейін бұл ведомствоны жақында ғана Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалған Ержан Иманзайыпов басқарған еді.

Әлихан Рахметоллаұлы