Павлодар облысының әкімі жөндеуден өткен жолдардың жағдайына алаңдайды

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында Болат Бақауов көмір, ұсақ тас және өзге де ауыр салмақты жүктерді үлкен көлемде тасымалдауға тыйым салуды тапсырды. Өңірдегі жолдардың сақталу мәселесін облыс басшысы көптен бері назарда ұстап отыр.

2018 жылы облыс бойынша жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарына 12,4 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бүгінгі таңда жөндеуден кейін пайдалануға берілген жолдармен артық салмағы бар жүк көліктері жүретіні белгілі болды. Олар артық салмақ тасымалдауға 6 айға рұқсат беретін көлік инспекциясынан арнайы анықтама алатын болып шықты. Анықтаманың құны 58 мың теңгені құрайды.

— Жақында ғана Шалдай – Восточный тас жолымен жүріп өттім, — деді Болат Бақауов. – Жөндеуден өткеніне екі жыл ғана болса да, жағдайы нашарлаған. Бұндайға жол бермес үшін жүктерді артық салмақпен тасымалдауға тыйым салынуы керек.

Артық салмақ тасымалдаушылар өте арзанға рұқсат қағазын алып, миллиондаған теңгеге шығын келтіреді. Оған қоса, өңір басшысы разрез, кеніш сияқты кәсіпорын иелерінің жүк босату кезінде құқық бұзушылықтарға жол бермеуін қадағалауды және жүк тасымалдаушыларды  артық салмаққа жауапты қылуды тапсырды.

Айта кетейік, Павлодарда артық жүкті жақсырақ бақылау үшін 100 млн теңгеге үш арнайы жабдықталған көлік сатып алынды. Олар жуырда Павлодарға жеткізіледі. Оның бірі көбінесе қиыршық тас тасымалданатын Майқайың мен Қалқаман арасындағы тас жолға бақылау жүргізеді.

 

Әлихан Рахметоллаұлы